Отпан тауда ұлы той: Маңғыстауда Амал мейрамы басталды

60-қа жуық үй тігіледі деп жоспарланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда Амал мейрамы басталды. Қытымыр қыстан аман-есен шыққан жұрт бір-бірімен қауышып, мал-жанның амандығын сұрасып, көрісу күнін тойлауға көшті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл дәстүр маңғаз өлкеде әуелден сақталып қалған. Биыл да кәрі Каспий жағасындағы жұрт жылдағы әдеттен жаңылмай, Маңғыстаудағы ең биік шоқы саналатын Отпан таудың басына жиналды. Ол жерде киіз үй тігіліп, қазан көтеріліп, мейрам екі күн тойланады

Ұлттық киімін киген ағайын тойға ерекше дайындалған. Барлығы бір-бірімен қауышып, көрісуге көшті. Былтыр Мұңал Ата ұрпақтарынан эстафетаны алған Қосай Ата ұрпақтары биылғы дәстүрді жалғастырып жатыр. Тойды ұйымдастыру үшін арнайы штаб құрылған. Ол жерде 20 адам барлық шаруаны реттеуге атсалыспақ. 60-қа жуық үй тігіледі деп жоспарланған. Қазірдің өзінде шаңырақты көкке көтеріп, қара үйді тігіп жатқандар бар. Мерекелік іс-шара алдымен бабалар рухына құран бағыштаумен басталады. Одан кейін «Амалдың ақ таңы» атты облыстық суретшілер пленэрі ұйымдастырылады. Содан соң Маңғыстау ауданы өнерпаздарының концерттік бағдарламасын өткізу жоспарланыпты, іс-шараның соңы «Амал –Алашқа ортақ мереке» атты театрландырылған көрініске жалғасады. Ал кешке «Бірлік отын» жағу рәсімі өтеді.

Айта кейік, тойға алыс-жақыннан келген меймандар өте көп. Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мемлекетінен өнерпаздар келіпті. Осында жиналған көпшіліктің де сол меймандардың өнерін тамашалауға мүмкіндігі бар.

 

 

 

Новости партнеров