Павлодар тұрғынын "Джеки Чан" тақырға отырғызған

Фото: pixabay
Фото: pixabay

Өңірде киберқылмыс саны өскен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алданған әйел атына үш миллион теңгеге несие рәсімдеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлтанбек Қадыржанов өңірде ең көп қолданатын алаяқтықтың үш түрімен бөлісті. 

– Көбінесе Ұлттық банк, полиция, ҰҚК немесе «Қазпошта» қызметкерлерінің қоңыраулары аясында алаяқтық арбаулар орын алып жатады. Екінші орында адамдар Instagram, Telegram сияқты арналарда тауар сатып алуға немесе сатуға тырысқанда, оларға көбінесе фишингтік сілтемелердің түсуі арқылы алаяқтардың ептілігіне тап болу жағдайлар тұр. Яғни, банктік деректерді толтырған кезде онлайн-транзакциялар орын алады.Үшінші орында – поштаңызға немесе телефоныңызға SMS арқылы «бақыт хаты» келгенде, яғни Еуропада ауырып жатқан және мұра қалдырған алыс туысқаныңыз бар екендігі туралы хабарлап, сол мұраны алу үшін қандай да бір салық төлемін төлеуді сұрайды, – дейді Сұлтанбек Қадыржанов.

Осындай алаяқтыққа тап болған павлодарлық тұрғыны полиция қызметкерлеріне жүгінген. Айлакер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде жәбірленушіге хабарласып, оны сендіру үшін бейне қоңырау арқылы қоңырау шалған. Алаяқ ҰҚК қызметкерінің формасын киіп отырғандықтан, павлодарлық тұрғын оған сеніп қалған. Әйелге оның алаяқтардың құрбаны болғаны және оған жол бермеу үшін дереу несие алып, ол ақшаны қауіпсіз шотқа аудару деген кеңесін тыңдап, үш миллион теңге көлеміндегі қаражатты алаяқтардың шотына аударып жіберген. 

– Ол алданғанын түсінгеннен кейін бізге хабарласып, скриншоттарын көрсетті. Біз деректерді тексеріп,  құқық бұзушы Джеки Чанға ұқсайтынын көрдік. Алаяқ актердің бейнесін жасанды интеллект арқылы пайдаланған. Қазіргі таңда, қаражат бұғатталды, бірақ қылмыскерлер ақшаны криптовалютаға аударып алған. Жәбірленуші алаяқтарды сотқа береді, – деді спикер. 

Сұлтанбек Қадыржанов алаяқтықпен ұрланған ақшаны кейде қайтарып алуға болатынын атап өтті. Өткен жылы полицейлер алаяқтардан шамамен 30 миллион теңге қайтарған.  Өткен жылы айлакерлер облыс аумағы бойынша 800 миллионға жуық шығын келтірген. 

– Полиция қызметкерлері бейнеқоңырауы бойынша қоңырау шалмайтынын атап өткім келеді. Егер бізде қандай да бір қажеттілік болса, полиция бөліміне немесе учаскелік бөлімге келуді сұраймыз. Немесе, егер төтенше жағдай болса, онда біз мекенжайға өзіміз келеміз, – деп атап өтті Сұлтанбек Қадыржанов. 

Айта кетерлігі, киберқылмыстардың саны өсуде. Өткен жылдың қаңтарында 111 қылмыс жасалса, 2025 жылдың қаңтай айында осындай 126 қылмыс тіркелді.

Оқи отырыңыз: Бес жасар баланы тепкен: Атырауда тәрбиешіге 300 мың теңге айыппұл салынды

Новости партнеров