Qazaq: қандастардың тағдырын баяндайтын деректі фильмнің тұсаукесері өтті

17.02.2025 15:57

"Qazaq" деректі фильмі неміс, ағылшын және француз тілдеріне аударылып, Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Мюнхен мен Парижде көрсетілді

Алматыда "Qazaq" деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Кинотуынды қиын-қыстау заманда тағдырдың жазуымен туған жерден жырақ кеткен Сүлеймен Шадқамның өмір жолын баяндайды. Ол жат жерде жүрсе де ана тілін сақтап, туған жеріне деген сағынышын жоғалтпаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Фильм нәубет жылдары Маңғыстаудан Иран арқылы Германияға жеткен қандастардың тағдырын баяндайды. Басты кейіпкер Еуропадағы қазақ қауымдастығының негізін қалаушы, Мюнхендегі қазақ қоғамының дамуына ықпал еткен Сүлеймен Шадқам. Туындыда оның бейнесі арқылы шетелдегі қазақтардың тұрмысы мен мәдениеті көрсетіліп, ана тілін сақтау ұлттық болмыстың өзегі екені ерекше айтылады.

"Біздің ең мықты тірілетін дүниеміз – тіл. Жат елде туып, өссем де, қазақтың мектебін көрмесем де, ана тілімді құрметтеймін. Ұрпағыма жұғысты болсын деймін. Шет елде жүріп елді құрметтеуге жағдай бар. Соны насихаттау үшін келдік", – деді  фильмнің бас кейіпкері Сүлеймен Шадқам

Тәуелсіз демеушілердің қолдауымен жарық көрген деректі фильмнің шығармашылық тізгінін режиссер Қарлыға Хасен ұстаған. Ал продюсерлік міндетті Танакөз Толқынқызы абыроймен атқарған.

Айта кету керек, бұл – оның тырнақ алды туындысы емес.

"Қазақы генетикалық код ешқашан жоғалмайды, тіпті қазақи орта болмаса да. Ол – ешқашан қиындықтарға мойымаған, кеудесін таптаттырмаған, еңсесін түсірмеген рухты кейіпкер. Сонымен қатар тағдырдың қиындықтарына қарай адами қасиетін, мейірімін, жоғалтпаған. Менің ойымша, "қазақ"  "жақсылық жасаушы" деген сөздің синонимы, – деді фильмнің продюсері Танакөз Толқынқызы.

"Qazaq" деректі фильмі неміс, ағылшын және француз тілдеріне аударылып, Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Мюнхен мен Парижде көрсетілді. Шетелдік көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болған туынды қазақ халқының мәдениеті мен рухани құндылықтарын дәріптейтін ерекше кинокартиналардың бірі ретінде есте қалары сөзсіз.

Мәди Мәлік, Сағынғали Мұңайтпасов