Жұма 28 ақпаннан бастап мешіттерде тарауық намазы оқылады
Биыл ізгі амалға ниет еткен ағайын 29 күн ораза ұстайды. Ал пітір садақасы 655 теңге болып бекітілді. Бұл туралы бүгін елордада өткен Бас мүфтидің баспасөз жиынында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Діннің тірегі, бес парыздың біреуі – Ораза көктемнің алғашқы күні басталады. 1 наурызда мүмін мұсылман ауыз бекітеді. Астанада өткен жиында Бас мүфти діни мереке күндерінің қай уақытқа тұспа-тұс келіп отырғанын жеткізді. Мейірім айының қадір-қасиетін түсіндіріп, адамзатқа берерін сөз етті.
"Наурыз айының 26-сынан 27-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі, Алла қаласа. Биыл Рамазан оразасы 29 күнге келіп отыр. Рамазан – жан мен тәнді рухани тазартатын мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Ауызы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге "мен оразамын" деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің үлгісін көрсетеді", – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ораза тұтамын деген ағайынға нутрициологтар дайындықты ерте бастауды ұсынады. Және бұл айда ағза күтіміне де ерекше мән берген жөн. Мамандар ауыз ашқан соң, сәресіне дейін жылы суды жиі ішуге кеңес берді. Ал ас мәзірінде жеңіл тағамдармен қатар, жеміс-жидектің болуы әлсіздіктен арылуға сеп болмақ.
"Ішкен су мен құрманың құрамындағы қант қанның құрамын жақсартады, тәбетті басады. Ағза дайын болған кезде, жеңіл тамақ ішу керек. Дәнді-дақылдардан тұратын сорпамен ауыз ашқан дұрыс", – деді С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Нутрициология кафедрасының меңгерушісі Майгүл Қайнарбаева.
Ал дін өкілдері сауаптар еселенетін айда оразаға кедергі болатын істерден бойды аулақ ұстау, өзін-өзі үнемі бақылау иманды күшейтетінін айтты. Аузы берік жанға құрмет көрсету, оған құрма мен сусын берудің өзі жақсы істердің алды болмақ.
"Рамазан айында ықыласпен ораза ұстау керек. Екінші ораза ұстаған адамның аузын ашуға мүмкіндік жасау керек. Одан кейін тілін өсектен, өтіріктен, жамандықтан тыю керек. Ақ пен қараны айырған Қасиетті кітап –Құран түскен айы болғандықтан, көбірек Құран оқу керек", – деді Алматы орталық мешітінің наиб имамы Бекзат Сыздықов.
Алматы мешіттерінде ғибратқа толы айға дайындық қызу жүріп жатыр. Аулалар әсемделіп, мерекелік көңіл-күйді қалыптастыруға жағдай да жасалған.
Еске салайық, осы аптаның жұмасы, 28 ақпаннан бастап мешіттерде тарауық намазы оқылады.
Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Діни терминдерді қазақша айту керек - Бас мүфти