«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жергілікті тауар өндірушілерге де дем берді. Алматы облысында білім беру мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін зауыт ашылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған өндіріс орны физика, химия, биология пәндерінің зертханалық кабинетін жасақтап, спорт зал, еңбек сабағы сыныптарының соңғы үлгідегі құралдарына дейін құрастырады. Зауыт басшысының сөзінше, бұл бастама өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына септігін тигізбек.
«Шетелден алмай, зауыт аштық. Өзіміздің қазақстандық адамдарды жұмысқа алып, мамандарды үйретіп, отандық өнімді дамытып жатырмыз. Құрастырушы -конструктор технолог, дизайнер бар. Барлығын осында жасаймыз», – деді зауыт басшысы Темірлан Еркінбеков.
Жобалаудан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі циклді толық атқаратын кәсіпорында қазір 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашақта бұл ауқымды кеңейту де жоспарда бар. Зауыт басшылығы «білім ұялары мен кеңселерді жабдықтаудан бөлек, workout және балалар алаңдарын әрлеуді үйренеміз» деп отыр. Сондай-ақ ноутбук пен интерактивті панельдер сияқты заманауи техника құралдарын жинақтайтын арнайы цех ашу да көзделген.
«Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, мектептер мен балабақшалардағы жиһаздың отандық өнімнен болғанын қалаймыз. Оңтүстік Қазақстанға жеткізіп отырмыз. Енді республика бойынша барлық ауыл мен қаланы қамтимыз деген жоспар бар. Өйткені біздің өнімнің сапасы жоғары», – деді компания директоры Бауыржан Ысқақов.
Оқи отырыңыз: Қонаевта қалалық кітапхана ашылды