Полиция дер кезінде көмек көрсеткен ер адамға алғыс білдірді
Семей тұрғынының қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында жол бойында жалғыз жүрген 5 жасар қыз анасына аман-есен қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.tv Абай облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Бекет-2» модульдік бекетіне ер адам кішкентай қызды әкеліп, оны жолдың үстінде жүргенін байқап қалғанын және бұл жағдай баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін хабарлады.
Полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастап, баланың ата-анасын анықтау үшін жедел әрекет етті. Нәтижесінде, қыздың анасы табылып, қызы аман-есен оған қайтарылды. Әйел кісі полицейлер мен баланы құтқарған азаматқа шексіз ризашылығын білдірді.
«Бұл жағдай қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін еді, алайда азаматтың қырағылығы мен жедел әрекеті арқасында бәрі сәтті аяқталды. Бұл – балалар қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау керектігін тағы бір еске салатын жағдай», – деп атап өтті полиция департаменті.
Абай облысының полиция департаменті азаматтық жауапкершілік танытып, дер кезінде көмек көрсеткен ер адамға алғыс білдіреді.
Оқи отырыңыз: Екі автобус соқтығысқан: жол апатынан 37 адам қаза тапты