Шаһар шөгіп кете ме: Кентауда тұрғын үйлерге қауіп төне бастады

Кентауда жер асты суы 2004 жылдан бері қауіп төндіріп келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кентауда жер асты сулары көтеріліп, тұрғын үйлерге қауіп төне бастады. Тіпті пәтерлердің қабырғадағы жарығы күн санап үлкейіп барады. Жергілікті тұрғындар мәселе жақын арада шешілмесе, үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кенді шаһар тұрғындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Себебі пәтерлердің қабырғалары мен жоғарғы бөлігі жарылып жатыр. Жұрт жертөлеге толып қала беретін суды қанша рет тазалатқанмен, пайда жоқ. Себебі жер асты суы қайта-қайта көтеріліп кете беретін көрінеді. 

 «2020 жылы экологиялық жоба қарастырылды. Ауыз су, жер асты суы институт қызметкерлері, арнайы органдар қатысты. Зерттеу жұмысын жүргізіп, қала  суға  шөгетіні айтылды», – деді Кентау қаласының тұрғыны Бақтияр Ғафуров. 

Ал жергілікті билік мәселені шешу үшін тұрғын үйдің дәл жанынан арнайы құдық қазған. Алайда тұрғындар «жағдайды одан да ушықтырып жіберді» дейді. Себебі көктем сайын жертөле суға толып қала береді.

 «Іргемізден құдық қазды. Асфальттен ары 800 метр қашықтықтағы нәрсені үйдің дәл жанына құдық қазып, 300 метр тереңнен су шығарды», – деді Кентау қаласының тұрғыны Дастан Айтпенов.

Кентауда жер асты суы 2004 жылдан бері қауіп төндіріп келеді. Жауаптылар үйлерге қаншалықты зақым келгенін арнайы тексерістен кейін ғана айтады.

 «Жер асты суының жарылуын  бірден көріп айта алмаймыз.Кентау қаласында 6 үй апатты деп танылған. Бірақ олардың себебін жер асты сулары деп айта алмаймыз. Себебі 5 қабатты, 2 қабатты үйлер отырып қалып, көшіру жұмысын жүргізіп жатырмыз», – деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов

Жер асты суының көтерілу себебін министрліктен келген арнайы комиссия анықтамақ. Ал оған дейін тұрғындардың қабырғасы жарылып, сылағы түскен үйде амалдауына тура келеді. 

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Талдықорғандағы автокөлік тұрақтарының бірінде жарылыс болып, екі адам ауруханаға түсті

 

 

 

 

Новости партнеров