Зауытты қайта жаңғыртуға 2 миллиард теңге бөлінген, құрылғыларына да тапсырыс берілген
Жамбыл облысында 200-ге жуық шаруа Тараз қант зауытының ашылуын талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл аймақтағы тәтті түбір еккен диқандар 650 мың тоннаға жуық рекордтық мөлшерде өнім алған. Бірақ күз келгенде тауарды өткізер жер таппай алаңдап қалды. Жергілікті билік Жетісу зауыты мен ақыр аяғы Қырғызстанға өнімді өңдеу үшін аттандырған. Шаруалар Тараз қант зауыты ашылса, мәселе шешілетінін айтты.
"Ашайық көрейік, құрылғының қайсысы бар, қайсысы жоқ, түгендеп іске қосамыз. 100 мың тоннаны қабылдасаңыздар, шаруалар соған сай жоспарлаймыз. 1000 км Талдықорғанға барып келгеннен гөрі, Тараз қант зауытына 100 мың тонна өткізген жөн", – деді шаруа Ерғали Асанқұлов.
Аймақта 357 шаруашылық қант қызылшасын егеді. Олар биыл да өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ тәтті түбірді қабылдау былтырғыдай дауға айналса, өнім далада қала ма деп алаңдайды. Сондықтан мәселе мемлекеттік деңгейде шешілуін талап етіп отыр.
"Қант қызылшасын қабылдайды немесе Үкімет өзі сатып алуы керек. Себебі қант қызылша зауыттары стратегиялық объектілерге жатады. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауар. Ақша бөліп зауытты жүргізу керек, шаруаларға жұмыс беруі керек", – деді облыстық Қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы Саха Манатов.
Меркі қант зауытының қуаттылығы 250 мың тонна. Бірақ былтыр кәсіпорын 400 мың тоннадан аса өнім қабылдауға мәжбүр болды. Оның өзінде шаруалар апталап, шақырымға созылған кезекті күткен. Сондықтан әкімдіктегілер артық өнім алмайтындай, биыл шаруаларға қызылша егуге лимит қоймақ.
"Егер зауыт қосылмайтын болса, сол 300 мың тоннаны барлық шаруаларға бөлеміз, биыл 2025 жылы проблеманы шешуге тырысамыз", – деді Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.
Айта кетейік, Тараз қант зауыты 2021 жылға дейін қант қызышасын қабылдап келген. Бірақ сол жылы кәсіпорынды өзге инвесторлар сатып алып, тек бразилиядан келетін қант құрағын өңдей бастады. Дегенмен зауыт өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта тәтті түбірді қабылдау жоспарда бар.
"Деффузия 25 жылдан бері тұр. Оның бәрі ескірген, ревизия жасап зерделедік. Қай жерге қандай құрылғы қажет екенін біліп отырмыз. Қазір сіздер 100 мың тонна қабылда дейсіздер, 10 тонна болсын ол 300 мың тонна болсын, бәрібір желіні толықтай жөндеу керек. Биыл оны жөндеп үлгере алмаймыз", – деді Тараз қант зауыты бақылау кеңесінің мүшесі Қанат Алиев.
Зауытты қайта жаңғыртуға 2 миллиард теңге қажет. Қаражат бөлінген, құрылғыларына да тапсырыс берілген. Бірақ жөндеу жұмыстары келер жылы ғана аяқталмақ. Сондықтан шаруаларға егістік көлемін азайтуға тура келіп тұр.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Айына 75 мың теңге: қарағандылықтар электр энергиясы құнының шамадан тыс өсуіне наразы