Балабақша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының баланысында тіркелмеген
Жезқазғандағы 70 балаға арналған балабақшада тек 15 төсек бар. Сыймаған балдырғандар жерде, тіпті дәлізде ұйықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекеттік балабақшаларда орын жетіспегендіктен, ата-аналар балаларын жеке балабақшаға беруге мәжбүр. Бірақ төлеп отырған қаржыға қызмет сай емес. Мәселен соңғы кезде балалар арасында ауру жиілепті. Ата-аналар бұған бөлмедегі желдету жүйесін кінәлайды. Оның үстіне, қабырғалардың көгеріп, дымқыл тартып кеткені тағы бар.
"Айына 40 мың теңге төлейміз. Бізге басында бір топта 20-25 бала болады деген болатын. Балам кіші топта 40 бала бар. 15 төсек қойылған, қалғаны жерге жатқан. Олар салқын жертөледе жатқан", – деді ата-ана Жанбота Шабат.
Ата-аналар әу баста балабақша басшылығынан ғимаратты толық көрсетуді талап етіпті, алайда рұқсат берілмеген. Балаларының денсаулығына алаңдаған олар кейіннен полицияға арыз жазғанда ғана сұрауы орындалыпты. Мұндағы былық мұнымен бітпейді. Қазір мекемеде тәрбиешілер тапшы. Өйткені ата-аналар ақыны уақытылы төлегенімен, қызметкерлерге жалақы берілмеген.
"Тәрбиешілер бейсенбіде жұмыстан шығып кеткен, жұмада балалар өздері отырған. Қауіпті, не тамағы дұрыс емес, не бала жататын орын жоқ. Жезқазғанда ғана емес, Қазақстанда мұндай балабақша болмауы тиіс", – деді ата-ана Сұлу Ғабдуллаева
Ең сорақысы, балабақша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының баланысында жоқ болып шықты. Деиек, бүлдіршіндерді қарайтын мекеменің жағдайын ешкім қадағаламайды.
"Бұл балабақша бізден қорытынды алған жоқ, сондай-ақ өтініш бермеді. Тіпті балабақшаның ашылғаны туралы хабарламады. Бізге ата-аналардан ұжымдық шағым келіп түсті, оны прокуратураға жібереміз. Білім бөлімі балабақшаның рұқсатсыз жұмыс істегенін де растап отыр", – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Жолдыбаев.
Ұлытау облысының білім басқармасы өңірде мектепке дейінгі 42 мемлекеттік, 8 жекеменшік мекеменің бар екенін айтты. Ал жоғарыда аталған басы даудан арылмаған балабақша есепте жоқ. Ол тіпті мемлекеттік білім беру тапсырысын да орындамаған. Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Шаруалар Тараздағы қант зауытының ашылуын талап етіп отыр