Кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне 9 азамат айыпты деп танылған
Марқұм Шерзат Полаттың сол жақ өкпесіне пышақ дөп тиіп, көп қан кеткен. Алған жарақатының салдарынан жасөспірім ауруханада көз жұмады. Бүгін Талдықорғанда өткен сот талқылауында осындай деректер жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне 9 азамат айыпты деп танылған. Олардың бірі – кәмелет жасына толмаған.
Нақтырақ айтсақ, екі айыпталушыға «адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша іс қозғалса, қалған жетеуінің ісі «бұзақылық және қылмыс туралы хабарламау» бабымен қарастырылуда.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста аталған 9 күдіктінің төртеуінің бұрын сотты болғаны да айтылды. Ал судьяның «тағылып отырған айып бойынша өз кінәңізді мойындайсыз ба?» деген сұрағына айыпталушылардың басым көпшілігі «жоқ»деп жауап берді. «Мемлекеттік айыптаушының айтқанымен келіспейміз» деген олар кінәні жартылай ғана мойындайтынын жеткізді.
Айта кетейік, іске қатысты ресми деректерді жария еткен прокурор Шерзаттың өліміне тікелей себеп болған жайтты да жария қылды.
«Іс бойынша жүргізілген 01.11.2024 жылғы №173 сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған Полаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақаты салдарынан дамыған ауыр қан жоғалтудан болды. Өлім 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30-да Талғар аудандық орталық ауруханасының стационарында расталды», – деді мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай.
Басты соттың талқылауында мемлекеттік айыптаушылар яғни, прокурорлар айыптау фактісін толық оқып шықты. Оқиғаның бүге-шүгесіне дейін баяндалды. Мәліметке сәйкес, марқұм Шерзат Полаттың сол жақ өкпенің жоғары тұсынан алған жарақаттан көп қан жоғалтқаны айтылды. Сот процесі кезінде марқұм жасөспірімнің әжесінің денсаулығы күрт нашарлап, медициналық көмекке жүгінді.
«Науқастың жағдайы бірқалыпты, ауруханаға баруға ешқандай себеп жоқ. Десек те науқасқа ауруханаға бару ұсындық, бірақ бас тартты», – деді фельдшер Бауыржан Сәкіпов.
Бүгінгі сот отырысында қатысушылар судьяға ортақ өтініш айтты. Олар ендігі сотты Алматы қаласында өткізуді сұраған. Бірақ төраға мұндай ұсынысты қанағаттандырмағанын еске салайық.
«Жазбаша қаулы шығаруды сұрадым. Жазбаша берсе, шағым жасауға мүмкіндігіміз бар. Сот ол жағынан ешқандай түсініктеме берген жоқ. Онлайн қатысуға рқөсат бермеді. Қылмыстық істері бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың Қарасай ауданындағы ғимаратында сотты өткізуден бас тартты», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.
Келесі процесс ертең сағат 10:00-де өтеді.
Еске салайық, судья отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Шерзаттың әпкесі айыптау актісімен келіспейді
Мадина Берікқызы, Мирас Анитов, Талдықорғаннан