Шерзат Полаттың ісі: Дана Жақсыгелді сотталушылардың қолынан пышақ пен мылтық көргенін айтты

28.04.2025 20:35

Келесі сот отырысы 29 сәуірде сағат 10:00-де жалғасады

Бүгін Талдықорғанда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Процесске жәбірленуші тараптан тек адвокаттар қатысқан. Ал куә есебінде оқиға орнында болған тұлғалар сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінгі процесс басты куә саналатын Эльмира Нұрбекованың сұрақтарға жауап беруінен басталды. Оқиға желісін өз нұсқасында айтып, көрген-білгенін тәпсірлеген оған мемлекеттік айыптаушы мен судья тарапынан бірнеше нақтылау сұрағы қойылды. Өйткені, куәнің айтқан бірнеше дерегі о баста тергеуде берген жауаппен сәйкес келмеген. Алғашқы хаттамада «сотталушы Абзал Шынасылдың қолынан Шерзатты ұрған суық қаруды көрдім» деген Нұрбекова қазір есінде ештеңе жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол бұған дейін «байланыс болмағандықтан, оқиға орнында жедел жәрдем шақыра алмадым» деген. Бәрақ куәгер «қолымда ұялы телефон болмады» деп мәлімдеп отыр. Эльмира Нұрбекова былай екіұшты жауап беруін «екі күн бойы жүзден аса адам тергегендіктен, не айтып, не қойғаным есімде жоқ» деп түсіндірді.

«5 қазанда нақты айтылған пышақтың сұғылғаны, қай жерден сұғылған. Анасының «баламды өлтіріп жатыр» дегенін де егжей-тегжейлі айтып берген. Қазір енді «мен шок болдым» дегені бізге күмән тудырды. Мен әдейі оқыдым ғой, бір беттің жоғары жағындағы нақты айтылған жауаптарды қуаттайды да, екінші абзацта шокқа түсіп қалады. Бұл мүмкін емес. Қазіргі таңда ол бір емес, бірнеше рет өзінің берген жауабынан басқаша жауап беріп жатыр», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.

Ал қайғылы жайт болған күні оқиға орнында жүрген екінші куә Дана Жақсыгелді сотталушылардың қолынан пышақ пен мылтық көрдім деп анық айтты. Бойжеткен тіпті «Абзал Шынасылов суық қаруды жуғанда оған энергетикалық сусынды құйып бердім» деп отыр. Бірақ сөзінше, пышақта қандай да бір қылмыс ізі байқалмаған.

 «Нұрқиясқа біреу звондады ғой деймін, «артымыздан келе беріңдер» деген сияқты болды. Сол кезде Шыңғыс деген бала жолдан тоқтап, машинадан жаңағы мылтық пен пышақты алып түседі. Сол екеуін алып түседі, олар қайта келгенде қолдарында ештеңе болмады», – деді куә Дана Жақсыгелді.

«Шынасыл Абзалдың қолындағы пышақ Шыңғыстың қолына қалай өтті?» деген сұраққа Дана Жақсыгелді «оны мен байқамадым. Бірақ Шыңғыстың алып түскенін көрдім» деп жауап берді.

Аталған қос куәден бөлек, сот отырысында тағы 4 азамат оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Олардың бірі қайғылы жағдайдан кейін сотталушылардың мас күйде болғанын, ал Абзал Шынасыловтың өздеріне ешкімге ештеңе айтпауды бұйырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, келесі сот отырысы ертең сағат 10:00-де жалғасады.

Мадина Оқас, Мирас Анитов, Талдықорған

Оқи отырыңыз: Шерзат Полат ісі: Нұрбекованың тергеу кезіндегі жауаптары талқыланды