ШҚО-ға қарасты ауданда жұмыс уақыты бір сағатқа кері шегерілді

Lukas Blazek / Unsplash
Lukas Blazek / Unsplash

Енді аудандағы мекемелер сағат 08:00–ден 17:30–ға дейін жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданында жұмыс уақыты бір сағатқа кері шегерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Катонқарағай ауданында мемлекеттік және әлеуметтік мекемелерде пилоттық режимде жаңа жұмыс кестесі енгізілді. 

Енді аудандағы 40 мекеме аптасына бес күн сағат 08:00–ден 17:30–ға дейін жұмыс істейді. Түскі үзіліс 12:00–ден 13:30–ға дейін. Мұндай жұмыс режиміне көшу туралы шешім тұрғындармен болған талқылаулардан кейін қабылданып отыр. 

Желтоқсан айында ауданға бір топ облыстық басқармалар басшылары келіп, соның ішінде Өрел, Аршаты, Берел, Жамбыл және тағы басқа жиыны 18 елді мекенде кездесулер өткізді. Сол кездесулер барысында жұмыс күнінің басталуын таңғы сағат 08:00–ге ауыстыру жайы сөз етілді. 

— Жаңа жұмыс уақыты климаттық жағдайлар мен жергілікті тұрғындардың өмір ырғағын ескере отырып, өнімділіктің артуы мен өңірдің дамуына ықпал етеді. Сондықтан тұрғындардың пікірлері ескерілді, — деп хабарлады аудандық ішкі саясат бөлімінен.

Катонқарағайлықтар да бұл жұмыс кестесінің өздеріне қолайлы екенін айтып жатыр.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында әйел адам қайтыс болған баланың еміне ақша жинаған

Новости партнеров