Іске қатысы бар адвокат 6 жыл 8 ай мерзімге сотталды
Шымкентте сот төрелігін жүзеге асырып келген судьяның өзі сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Экс қызметкер алаяқтық жолмен бөтеннің мүлкін иемденген болып шықты. Ол сотталушы тараптан «жеңіл жаза тағайындаймын» деп, 110 млн теңге жымқырған. Антына адал болмаған бұрынғы сот қызметкері енді 7 жыл 6 айға темір торға тоғытылды.
Айта кетейік, аса ірі көлемдегі қаражатты заңсыз иеленуге тағы 2 адамның қатысы бар. Сот олардың бірін 6 жыл 8 айға, енді бірін 5 жылға бас бостандығынан айырды.
"Жанат Мүсірәлі ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2 тармағымен қарастырылған құқықбұзушылықтармен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша мемлекеттік қызметте судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару қызметінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын!" – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Еске сала кетейік, сотты болып отырған Жанат Мүсірәлі 2023 жылы 5 адамның өмірін жалмаған қоғамдық көлік апаты бойынша қылмыстық істі қараған. Ол автобус жүргізушісіне 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді. Ал тірі қалған жалғыз қызға 2 миллион теңге төлеуді міндеттеген.
Оқи отырыңыз: Министр мектеп директорларының біліктілігіне көңілі толмайтынын айтты