Шымкентте шу шықты: мемлекет қарамағындағы мекемеде 25 адам жұмыссыз қалды

Шенеуніктердің айтуынша, аталған шешім саладағы жұмысты оңтайландыру үшін қабылданған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте тағы шу шықты. Мұнда мемлекет балансында болған бір мекеме жекенің қарамағына өтіп кеткен. Ал далада қалған 25 жұмысшының тағдыры қыл үстінде тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айгүл Құрманбекова жылдар бойы мемлекеттік мекемеде жұмыс істеген. Жергілікті атқамінерлер енді бұл нысанды жекенің қолына өткізбекші. Салдарынан 25 адам нәпақасынан қағылып қана қоймай, әлеуметтік көмектерден де айырылып қалғалы тұр.

"Үй кезегінде тұрған жас семьялар бар. Олар мемлекеттік жұмыста жұмыс жасамаса кезектен айырылады. Жекеменшік компанияда әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға ешқандай көмек жоқ", – деді қала тұрғыны Айгүл Құрманбекова.

"Кәмелет жасына толмаған 4 балам бар. Арқа сүйер азаматым жоқ. Мемлекеттен шамалы көмек аламын. Жекеменшік компанияда жұмыс істегім келмейді. Осы жерден нәпақа тауып отырмын", – деді қала тұрғыны Наргиза Мұратова.

Бұл азаматтар бүгінге дейін қаладағы автобустардың қауіпсіз және сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп келген. Енді бұл жұмысты жекеменшік компания қызметкерлері атқармақ. Бір қызығы, диспетчерлік орталық толығымен жекенің балансына өтпейді. Тек осы бір бөлім ғана жұмысын тоқтатады.

"Бөлімге ауысыңыз немесе жұмыстан шығыңыз" деді. Маған жұмыс керек. Бес баланың анасымын. Көкеміз болмаған соң, бір орында отыра алмаймыз", – деді қала тұрғыны Клара Ахметова.

Ертеңіне алаңдаулы жандардың айқай-шуынан кейін шенеуніктер оқиға орнына келді. Сөздерінше, бұл азаматтарға жеке компаниядан жаңа жұмыс орны беріледі. Ал аталған шешім саладағы жұмысты оңтайландыру үшін қабылданған.

"Заңнама талаптарына сәйкес, хабарлама береміз. Сонымен қатар жаңа жұмыс орнын ұсынамыз. Егер жаңа жұмыс орнына бармаймын деген адамдар болса, заңнамаға сәйкес тиісті төлем төленеді", – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы орынбасарының м.а. Досымхан Жанұзақов.

Жергілікті билік тұрғындар жұмыссыз қалмайды десе де, мемлекеттен алып отырған көмек мәселесі бойынша ештеңе айта алмады. Атқамінерлер жай ғана «бұл проблеманы қарастырып көреміз» дегенмен шектелді. Ал табыссыз қалғалы отырған жандар жағдайдың оң шешілуінен үмітті.

Лаура Бабас, Давран Әбдиев, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Атына заты сай емес: ақтаулықтар ақылы лицейдегі білім сапасына сын айтты

Новости партнеров