Марқұм қыздың өкілі сотталушыға кешірім бергенін айтып, қатаң жаза тағайындамауды сұрады
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 6 жасар жиенін айуандықпен өлтірген әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Сотта анықталғандай, Қ. есімді әйел 2024 жылдың маусым айында Шымкент қаласы Ақпан батыр көшесі бойында орналасқан жалдамалы пәтерінде өзінің туған әпкесі М.-нің 2018 жылы туған қызы Е.-ні ұйқысынан оянып, жылай бастағаны үшін соққыға жыққан.
"Ол аздай, баланың аяқ-қолын байлап, ұрып-соғып, еденге құлатқан. Соның салдарынан бүлдіршін есінен танып құлаған. Ары қарай, ваннаға су толтырып, тұншықтырып қасақана өлтірген", - делінген сот хабарламасында.
Сотталушының кінәсі жауаптарымен, жәбірленуші өкілінің жауаптарымен, сот сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелер жиынтығымен және істегі дәлелдермен дәлелденді.
Прокурор Қ.-ға 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ал жәбірленушінің өкілі сотталушыға кешірім бергенін және қатаң жаза тағайындамауды сұрады.
Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын және жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
"Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотты болмағанын ескерді, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ екенін анықтады. Сот Қ.-ны ҚК-тің 99-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген хабарламада.
Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында күйеуі отқа күйіп қалған әйеліне өз терісінен кесіп берген