Дәрігерлер науқастың өмірі үшін 9 күн бойы күрескен
Солтүстік Қазақстанда келіншек сірке суын ішіп қойған. Ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген әйел бірден жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға өңірдегі аудандардың бірінде болған. Өз-өзіне қол жұмсамақ болған келіншек 70% сірке суының шамамен 60-80 мл ішіп жіберген. Бірер минуттан соң жағдайы нашарлаған әйел жедел жәрдем қызметін шақырған.
«Келіншек бірден қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Түскен кезде жағдайы өте ауыр болды. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның ауыз қуысын, өңешін және асқазанын химиялық күйік шалған. Қарқынды инфузиялық және трансфузиялық терапия, тұрақты зертханалық мониторинг жүргізілді», — деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.
Дәрігерлер науқастың өмірі үшін 9 күн бойы күрескен. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында мас күйде көлік жүргізіп жүрген 13 адам ұсталды