Smart Pelvic: Алматыда жамбас түбі бұлшықеттеріне арналған диагностикалық орталық ашылды

17.04.2025 19:22

Перинаталдық орталықта «Салауатты ұрпақ – Қазақстанның болашағы» атты үш күндік халықаралық конференция өтіп жатыр

Алматыда Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы жанынан Smart Pelvic мектебі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – жамбас түбі бұлшықеттерін қалпына келтіруге және  диагностика жасауға арналған алғашқы орталық. Енді дәрігерлер гинекологиялық ауруларды дер кезінде анықтап, емдеумен бірге, өз біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады. Орталықта ТМД елдері, Үндістан, Италия, Қытай және Якутияның жетекші мамандары тәжірибе бөліседі. Дәрігерлердің айтуынша, мекеме Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда алғаш рет ашылып отыр.

Айта кетейік, осы күндері Перинаталдық орталықта «Салауатты ұрпақ – Қазақстанның болашағы» атты үш күндік халықаралық конференция өтіп жатыр. Іс-шара барысында отандық және шетелдік мамандар ағзаға барынша аз араласуды көздейтін шағын инвазитивті ота әдістерін қолданды. Операциялар қатысушыларға онлайн режимде көрсетілді. Екі күннің ішінде жалпы саны 15 ота жасалды.

 «Әйелдер денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастады. Дегенмен гинекологиялық аурулар әлі де өзекті мәселе болып отыр. Көп жағдайда нәзік жандылар ауру асқынып, жайсыз белгілер пайда болған кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Бірақ гинекологиялық аурулардың алдын алып, ерте кезеңде емдеу арқылы асқынуды болдырмауға болады. Осы мақсатта біздің орталықта толыққанды консультация жүргізіліп, қажетті тексерулер мен заманауи емдеу әдістері қолданылады», – деді Перинатология және балалар кардиохирургия орталығының директоры Гүлнұр Нұрланова.

Оқи отырыңыз: Дүниежүзілік гемофилия күні: елімізде қанша адам тұқым қуалайтын дертке шалдыққан