Шағын несиесін өтемеген 2,5 миллион азаматтың құжаты жеке сот орындаушыларының қолында жүр
Шағын несиесін өтемеген 2,5 миллион азаматтың құжаты жеке сот орындаушыларының қолында жүр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Дәния Еспаева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, елде 2 110 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Ал олардың қарауында 5 миллионға жуық құжат бар десек, оның 50 пайызы шағын несиені өндіріп алуға қатысты. Бүгін Мәжіліс мінберінде жеке сот орындаушыларының сыйақысын қысқарту, сондай-ақ олардың қызметін бақылау функциясын сот әкімшілігіне қайтару сияқты бастамалар да көтерілді.
Әділет министрлігінің тізгінін қолға алғанына небәрі үш ай болған Ерлан Сәрсембаев мәжіліс депутаттарының алдына шығып, жеке сот орындаушылары институтының проблемалары мен дамуы жайлы жайып салды. Оның айтуынша, жеке орындау институты енгізілгелі бері саладағы іс ілгерілеген. 2010 жылы бір сот орындаушысы жылына 270 құжатты қамтыса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 229-ға дейін өскен.
«Былтыр орындауда 13,5 триллион теңгені құрайтын 9,2 миллион атқарушылық құжат болды. Өндіріп алушыларға өтелген сомасы 469 миллиард теңгені құрады. Атқарушылық құжат бойынша мемлекет пайдасына 57,7 миллиард теңге өндірілді. Республикалық бюджетке өндірілген атқарушылық санкция 2,4 миллиард теңгені құрады», – деді ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Ал мәжіліс депутаты Дания Еспаева «қазақстандықтар сот орындаушыларының жұмысына риза емес» дейді. Былтыр оларға қатысты шағымдар саны екі есе өсіп, 89 мыңнан асқан. Ал Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, заң бұзған жеке сот орындаушылар лицензиясынан айырылып, саладан шеттетіледі. Алайда мәжілісмен Бақытжан Базарбек әділет министрінің бұл мәліметіне күмән келтірді. Оның айтуынша, ақша ұрлап, алаяқтық жасаған мамандар әлі күнге жұмыс істеп жүр.
«Шыны керек фактілер өте көп. Прокуратураның ұсынысы бойынша 29-ға жуық сот орындаушы бар. Интернетте сайтына кірдік, жұмыс істеп жатыр. Сонда қай сот орындаушыны лицензиясынан айырып отырсыз? Жұмыс істеп жатыр ғой», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.
Өз кезегінде министр Ерлан Сәрсембаев Бақытжан Базарбек айтқан 29 сот орындаушыны жеке-жеке тексеруге дайын екенін айтты. Десе де «лицензиядан айыру жазасының соңғы нүктесін тек сот қояды» деп құтылды. Ал Абзал Құспан болса, заңды өрескел бұзған сот орындаушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Депутат Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовке сауал тастап, атқарушылық іс туралы заң ережелерін бұзған жағдайда қатаң жаза қарастыруды сұрады.
«Қылмыстық кодексте 251-бап бар. Қылмыстық жауапкершілік туындау үшін жәбірленушіге елеулі залал келуі керек. Сонда ғана сот орындаушысын қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі туындайды. Осыны адвокаттар сияқты формальді құрамға ауыстыруға болма ма, сіздің пікіріңізді білсем?» – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те алдағы уақытта ұсынысты қарастыруға дайын екенін жеткізді. Осы тұста, отырыс бойы Әділет министрінің тап-тұйнақтай етіп жазылған баяндамасын, депутаттарға берген жауабын мұқият тыңдаған мәжілісмен Мұрат Әбенов Ерлан Сәрсембаевтың жұмысын сынға алды. «Жауаптан жалтара бермей, нақты жауапкершілік алып, шоттары бұғатталған азаматтардың құқығын қорғамайсыз ба?» деп шүйлікті.
«Бірақ менің бір байқағаным, көптеген проблеманы, жауапкершілікті, шешімді электронды жүйеге салып қойдыңыз. Бірақ электронды жүйе не шешеді? Бас прокуратураның ұсынысын орындамай отырсыздар. Қолдарыңызда ешқандай инструмент жоқ. Жаңа Абзал Құспан әріптесіміз сізге нақты сұрақ қойды, жауап берген жоқсыз. Жауаптан қашып тұрсыз?» – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.
Қоғам болып жеке сот орындаушылардың іс-әрекетін сынап жатқанда, әділет министрлігі былтыр цифрлық сот орындаушыны іске қосыпты. Айналдырған жарты жылдың ішінде робот 650 мың істі қарап, 176 мыңын аяқтаған. Робот қарызы бар адамдарға хабарлама жолдап, қажет болса шектеулер қоюға да қауқарлы. Ал борышкер қарызын уақытылы өтемесе, іс жеке сот орындаушыларға жіберіледі. Сондай-ақ жүйенің ақысыз қызметінің арқасында, халықтың 910 миллион теңгесі үнемделген.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Заңды өрескел бұзған сот орындаушылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін