Биыл қатысушылардан жарна талап етілмейді
Оңтүстік астанада студенттер арасындағы ауқымды спорт лигасы басталды. Қаладағы 35 жоғары оқу орнының басын біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттайтын дүбірлі доданың ашылу салтанаты демалыс күндері өткен. Шаһар басшысы Ерболат Досаевтың бастамасымен қолға алынған турнирде жас спортшылар баскетбол, волейбол және футболдан өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл Алматы – студенттер үшін аламан спорт алаңына айналды. Шаһардағы 35 жоғары оқу орнының басын тоғыстырған 2025 жылғы лигада 95 команда баскетбол, волейбол, футболдан бақ сынамақ. Соның ішінде 44 команда – 22 қыздар және 22 ерлер құрамасы волейболдан кіл мықтыны анықтайды. Жай ғана доп додасы емес, жас спортшылар үшін үлкен жолдың бастауы болған бұл бәйгеге білімгерлер мықты дайындықпен келген. Лига аясындағы бұл турнир әр сенбі-жексенбі күндері Балуан Шолақ спорт кешені мен Алматы энергетика және байланыс университетінің спорт залында өтеді.
«Жарыстың мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және де Алматы қаласының үздік волейбол ұжымдарын анықтау. Республикалық жарысқа студенттердің дайындау. Менің ойымша Алматы қаласы республикада да топ жаруға әбден дайын», – деді Алматы қаласы Волейбол федерациясының бас хатшысы Ануар Жақыпұлы.
Бұқаралық спортты дамытып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бастама – қала әкімі Ерболат Досаевтың тікелей қолдауымен және спорт федерацияларының ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр. Лиганың негізгі мақсаты – жастарға барынша қолдау көрсету. «Балаларды жастайынан жаттықтырамыз» деген олар баскетбол турнирінде 27 команда бақ сынайтынын айтты. Оның 8-і әйелдер, ал 19-ы ерлер құрамасы. Олардың алғашқы легі 19-сәуірде жарысса, келесі ойындар 23-24 сәуірде өтпек.
«Алматылық легион құрамында тек өзіміздің түлектер. Оларды жастайынан дайындаймыз. Спортқа икемділерін, шапшаңдарын мектепте оқып жүргенде іріктеп аламыз. Алдағы уақытта олар әлемдік жарыстарда ел намысын қорғайтын чемпиондар болатынына сеніміміз мол. Президентіміз айтқандай, легионерлерге ақша төлегенше, өз арамыздан кіл мықтыларды өсірген маңызды ғой», – деді Алматы қаласы Баскетболды дамыту федерациясының президенті Александр Белянов.
Биылғы турнирдің ерекшелігі қатысушылардан жарна талап етілмейді. Ал ойындарды спорт сүйер қауым YouTube арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Бас аяғы бір жарым айға созылатын спорт лигасында футболдан 24 команда жарыспақ. Алғашқы күндері 4 жоғары оқу орнының студенттері бақ сынады. Ал келесі ойындар алдағы демалыс күндеріне жоспарланған.
«Студенттердің лигасын өткізу арқылы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырамыз. Сонымен қатар шағын футболдан көптеген жарыстар өткізіледі. Бұл – өзін көрсетуге студенттерге жақсы мүмкіндік», – деді Нұр-Мүбарак университетінің футболдан жаттықтырушысы Дархан Жұмашев
Ашылу салтанатынан-ақ ауқымы мен маңызы байқалған спорт лигасының ақтық ойындары 25 мамырда өтеді. Жеңімпаздар мен турнирге қатысқандарға медальдар, кубоктар, бағалы сыйлықтар мен арнайы номинациялар табысталады. Ал келесі оқу жылынан бастап бұл дүбірлі дода тұрақты чемпионат форматында ұйымдастырылмақ. Игі бастама – дарынды жастарға жол ашып қана қоймай, қаламызда спорт мәдениетін қалыптастырмақ.
Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Grand Slam: Астанада дзюдодан әлемдік рейтингтік турнирі өтеді