Сұрақ-жауап: Жетісу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Ерболат Досаев биыл 55 көшеде 131 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы аяқталатынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жетісу ауданында алғаш рет заманауи инновациялық шығармашылық орталық бой көтермек. Бұл жайында қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілішісі.

Жетісу ауданының халқымен кездесу әдеттегідей әкімнің баяндамасынан басталды. Ерболат Досаев биыл 55 көшеде 131 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы аяқталатынын айтты. Бұл мақсатқа 3,2 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар ауданда сыртқы жарықтандыруды жаңарту да қарқынды жүріп жатыр. Биыл 36,7 км кабель желісі мен 4 мың 500 жарық нүктесі орнатылып, нәтижесінде көшелердің 87 пайызы жарықтандырылды. Баяндамадан кейін әкім тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кездесу барысында 15-тен астам өзекті мәселе көтерілді.

"Қалада қоғамдық көліктер тұрғындарды тасымалдағанда қауіпсіздік ережесін сақтамайды. Мен өзім бірнеше оқиғаға куә болдым. Автобустар есігі ашық жүре береді, кез келген жерге тоқтай береді. Халықпен дөрекі сөйлеседі", – деді қала тұрғыны Асылбек Жабаров.

Қоғамдық көлік сапасына қатысты сұраққа жауап берген қала әкімі жүргізуші мамандығының беделін арттыруға басымдық берілетінін айтты. Жүргізушілердің алдағы уақытта жолаушылармен сыпайы қарым-қатынас жасау курстарынан өтетінін жеткізді. Сондай-ақ мегаполис басшысы жүргізушілер тапшылығы мәселесі толық шешілмегенін, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

"Жүргізушілердің жалақысын тағы да көтердік және қоғамдық көлік жүргізушісінің жұмысының сапасын арттыру үшін жұмысты жалғастыра береміз.  Сондай-ақ колледждермен жүргізушілерді даярлау мәселесін, оның ішінде жолаушылармен қарым-қатынас мәдениетін пысықтауды тапсырдым. Біліктілікті арттыру курстарынан өткендер жалақыға үстемеақы алады. Біз материалдық ынталандыру арқылы жұмыс сапасын жақсартуға мән береміз, жыл соңына дейін осы мәселелердің бір бөлігі жүзеге асады", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Жетісу ауданында 2024 жылы атқарылған игі істердің қатары қомақты. Әсіресе мектепке дейінгі білім беру саласында оң өзгерістер байқалады. Айнабұлақ шағынауданында 160 орындық, екі қабатты жаңа балабақша есігін айқара ашты. Қазір мұнда жеті топта 130-дан астам бүлдіршін тәрбиеленуде.

"2025 жылдың 5 қаңтарынан бастап балаларды қабылдап жатырмыз. Қазіргі таңда 7 топ толық жұмыс жасап жатыр. Сегізінші топқа балаларды қабылдау аяқталмады", – деді №198 бөбекжай-балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Меруерт Байжанова.

Балабақша – балдырғандардың екінші үйі. Дәл осындай ойын алаңдарында ертегілер оқылады. Бұл балабақшада бұдан бөлек үйірме, медбике, асхана бөлмесі бар. Ата-аналарға да қолжетімді. Ай сайын 25 мың теңге төлеп, қауіпсіз балабақшаға бере алады. Бұл – сапалы тәрбие мен қамқорлыққа жасалған ең мықты инвестиция.

Былтыр балалардың болашағымен қатар, тұрғындардың денсаулығына да ерекше мән берілген. Отбасыларды қолдау мақсатында «Бақытты отбасы» орталығы ашылып, 115 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін Кемел шағынауданында 200 адамға арналған жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл тұрғындардың сапалы медициналық көмекке жақын болуын қамтамасыз ететін маңызды қадам болды.

Мәди Мәлік. Сағынғали Мұңайтпасов

Оқи отырыңыз: Экоблогер – мамандық пен міндет: Almaty TV-де «Шаһар шырайы» бағдарламасының жаңа шығарылымы

Новости партнеров