Қарғын су: Шығыс Қазақстанда тасқынмен күреске бөлінген қаражат үш есе ұлғайған

Қарқынды жұмыс нәтижесінде 15 елдімекенді қарғын су басу қаупі сейілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Шығыс Қазақстанда тасқынмен күреске бөлінген қаражат үш есе ұлғайған. Былтыр өңірді су басып, халықтың әбігерге салынғанын білеміз. Сондықтан аймақта дайындық жаздан бері жүріп жатыр. Бөгеттер салынып, өзен арналары мен каналдар кеңейтілуде. Қарқынды жұмыс нәтижесінде 15 елдімекенді қарғын су басу қаупі сейілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шығыстағы елдімекендер жыл сайын көктемде топан сумен арпалысады. Өңірде 72 ауылдық аймақ пен 109 учаске қауіпті аумақта тұр. Сондықтан биыл тасқынмен күрсеке дайындық жылдағыдан ерте басталған. Өңірде 64 шақырымдық бөгеттер бекітіліп, 20 шақырым өзен арнасы тазартылды. Аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінген.

"2500-ден астам жеке құрам дайындалды, 242 мотопомпа, 900-ден астам бірлік техника жұмылырылды. Құтқарушыларға су тасқыны кезінде көмектесетін арнайы бұйымдар жыл сайын жаңартылады", – деді ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина Бексұлтанова.

Ерте бастан қолға алынған шаралардың арқасында 15 елдімекенде су тасқыны қаупі сейілді. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ, мамандар дайындықты күшейту қажет екенін еске салып отыр. Өңірде қауіпті деп танылған екі су жолы бар. Бірі – Қатонқарағай, Үлкен Нарын мен Алтай аудандарынан өтетін Бұқтырма өзені және Риддер мен Шемонайха маңындағы Үбі арнасы. Олардың деңгейін бақылау үшін тікұшақтар жұмылдырылып, гидрологиялық бекеттерде тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

"Су деңгейі төмендегеннен кейін үшінші және жетінші тіректер арнайы мамандандырылған ұйым мен сүңгуірлердің көмегімен тексерілді. Нәтижесінде бұл тіректердің жарамайтындығы және олардың астындағы тас төсемдердің шайылғаны анықталды", – деді Өскемен қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.

Көпір 79 жыл бұрын салынған. Ағаштан жасалған іргетасы тозғандықтан, қазір ол бетонмен қайта жабылып жатыр. Құрылысшылар жұмысты көктемге дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

"Егер жауын-шашын көп болса, су деңгейі күрт көтеріледі. Сондықтан бұл жұмыстарды дәл осы кезеңде жүргізу шешімі қабылданды. Қолданылып жатқан технология тәжірибеден өткен", – деді мердігер ұйымның директоры Марат Жүнісов.

Көпірді жөндеуге 1 миллиард теңге бөлінді. Бұл алып құрылыс – қала мен өндірістік аймақты жалғайтын аса маңызды нысан. Одан тәулігіне 6 мыңнан астам көлік өтеді. Сондықтан құрылысшылар қозғалысты толық тоқтатпай, жолдың бір бөлігін ашық қалдырып отыр. Өңірдегі өзен арналары мен гидротехникалық нысандар тұрақты бақылауда. Көктемгі су деңгейінің күрт көтерілуіне жол бермеу үшін мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Әйкерім Пернебек, Руслан Мухамедьяров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Пәтерден қуып жатыр, қыста қайда барам: Түркістан облысында жекеменшік мектеп мұғалімдеріне неге жалақы берілмеген

Новости партнеров