Күні кеше ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні аталып өтті
Күні кеше ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні аталып өтті. Бұл мереке – ізденісі мен еңбегі арқылы елге үлгі болған нәзік жандардың жетістіктерін дәріптеуге арналған маңызды күн. Алматыдағы «Ботаника және фитоинтодрукция» институндағы ғалымдардың 70 пайызы бұрымдылар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда ғылым жолын өмірлік мұратына айналдырған әйелдер аз емес. Солардың бірі – табиғат жанашыры Гауһар Сейсенбекқызы. Ол алматыдағы "Ботаника және фитоинтродукция" институтында 16 жылдан бері тер төгіп келеді. 2008 жылы академик Аймақ Жанғалиевтің сенімімен жемісті өсімдіктерді жерсіндіру және гендік қорды қорғау зертханасының меңгерушісі болып тағайындалған.
"Біздің зертхана негізі төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірінші бағыт бойынша табиғи популяция жағдайында жемісті өсімдіктерді зерттейміз. Сол популяция жағдайында біз құнды жемісті өсімдіктердің формаларын іріктеп алып, колекциямызға енгіземіз", – деді биология ғылымдарының кандидаты Гауһар Сейсенбекқызы.
Гауһар Сейсенбекқызы 16 жыл бойы Сиверс алмасын және басқа да жеміс-жидек өсімдіктерін зерттеп, сақтап, табиғи ортада қалпына келтіруге ұмтылды. Табиғатпен үндескен қажырлы еңбегінің нәтижесінде Алматының Бас Ботаникалық бағында 170-тен астам Сиверс алмасын сұрыптады. Оларды жабайы табиғатқа қайта бейімделуіне мүмкіндік жасады. Бұл – зерттеу табиғаттың асыл қазынасын сақтауға арналған маңызды қадам.
"Қимылдаған қыр асар» дейді қазақ. Сол үшін ғылымда істеп жатқан әйел, еркек болсын, тек еңбектің арқасында жұмыс істеп келеді", – деді Гауһар Сейсенбекқызы.
Әріптестері Гауһар Сейсенбекқызын ісіне адал, табиғатқа жанашыр, ғылымға шын берілген жан ретінде таниды. Ол – жасыл әлемді қорғауды өмірлік мақсаты еткен шынайы ғалым.
"Ғауһар Сейсенбекқызы – білікті жетекші, ғалым. Барлық ғылыми зерттеудің жолдарын, бағыттарын айтып, үйретіп келе жатыр. Біз ол кісіні мақтан тұтамыз", – деді Г. Сейсенбекқызының әріптесі Анар Саңқайбаева.
Ғылым мен білім тоғысқан институтта 215 маман еңбек етеді. Мұндағы 102 ғылыми қызметкердің ішінде 75-і білім мен ізденісті серік еткен нәзік жандылар. Әрқайсысы өз саласында үлкен жаңалықтарға жол ашып, отандық ғылымның дамуына зор үлес қосуда. Институттағы 11 зертхананың сегізін әйел басқарады. Бұл – ғылым әлемінде нәзік жандылардың да айқын орын алатынының жарқын дәлелі.
Мәди Мәлік. Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Жетісу ауданында сәуірде үш емхана ашылады