Жауаптылар созбаққа салынған жобаны жыл аяғына дейін аяқтаймыз деп уәде берді
Таразда құрылысы 5 жыл бұрын басталған Сеңкібай каналын бетондау жұмысы әлі күнге аяқталмаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
22 шақырымдық арнамен Байзақ ауданындағы 4 мың гектардан аса егістік суарылады. Сол себепті 2020 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд 232 млн теңге бөлініп, арнаны жаңғырту жұмысы басталған еді. Сөйтіп, ол жұмыс 2 жыл ішінде аяқталуы тиіс болған.
Бірақ каналдың төрттен бірі елдімекен ішінен өтетіндіктен, жобаға өзгерістер енгізіліп, құрылыс тағы 3 жылға созылыпты. Енді жауаптылар созбаққа салынған жобаны жыл аяғына дейін аяқтаймыз деп уәде берді.
"Каналдың 5,5 километрі коммуникациялармен шектеседі. Тұрғындар өздерінің үй-жайларын, қораларын салғандықтан, біз жоба бойынша қаралған трапециялық бетон каналын сала алмадық. Бүгінгі күнде ол шешім қабылданды. Яғни, Г блоктарға ауыстырады деп шештік. Мердігер бойынша құрылыс жұмыстары қазір толыққанды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 21 км-дің 13 км-і толық аяқталған", - деді Жамбыл облыстық "Қазсушар" мекемесінің инженері Бауыржан Шынарбек.
Сеңкібай арнасы 4 тұрғын үй алабымен өтеді. Ал онда 15 мыңға тарта азамат бар. Сондықтан депутаттар қауіпсіздік үшін канал жағасына қоршау салу керек дейді. Себебі, былтырдың өзінде бірнеше жеткіншек суға кетіп, жан тапсырған. Бірақ жауапты "Қазсушар" мекемесінің мамандары мұндай жұмыстарға қаржы бөлінбегенін алға тартады.
Ал арнаны қоршап, аумақты абаттандыру үшін депутаттар жергілікті билікке сұрау салуды көздеп отыр.
Оқи отырыңыз: Шымкентте ауаны ластаған 7 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды