Жұмат Шанин атындағы өнер ордасының 95 жылдық тарихы бар
Шымкенттегі жалғыз қазақ драма театрының жағдайы мәз емес. Мұндағы әртістер «қираған» сахнада өнер көрсетіп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл – 95 жылдық тарихы бар Жұмат Шанин атындағы өнер ордасының бүгінгі күйі. Сахна мен техникалық жабдықтар әбден тозған. Салдарынан мұндағы қызметкерлер қойылым кезінде жандарын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр.
«Гуілдеген дауыс бар. Тоқтап-тоқтап, сілкіп тұр. Бір штангет түседі, астына декорацияны іліп, оны көтеріп бара жатқан кезде, 2 метрге тастап жібереді. Актерлардың өміріне қауіпті, – деді Ж. Шанин атындағы Академиялық қазақ драма театры директорының міндетін атқарушы Дархан Балажанов.
Техника мен керек жабдықтардың тозуы кез келген қойылымды сахналауға қолбайлау болып отыр. Кей спектакльдер репертуардан алынып тасталды.
Айта кету керек, академиялық мәртебеге ие өнер ордасы былтыр 8 премьера қойған.
«Бұрынғы сахналық матасы бар, сахналық дүниелерінің тозығы жеткеніне байланысты және актуалдығын жоғалтуына байланысты 26-ға жуық қойылым көркемдік кеңестің шешімімен алынды, – деді Ж. Шанин атындағы Академиялық қазақ драма театры директорының міндетін атқарушы Дархан Балажанов.
Ал жауапты басқарма мамандары «нысан әу баста дұрыс салынбаған» деп отыр. Оның сөзінше, 2014 жылы ғимараттың құрылысына 3 млрд теңге жоспарланған. Дегенмен театрды салуға небәрі 1,7 млрд теңгеге жұмсалған. Бұған себеп «бюджет қаражатын үнемдеу» болыпты-мыс.
«Жарық, дауыс және қосымша ғимараттары болған. Олардың бәрін алып тастап, 2 есе төмен бағамен соққан. Қосымша ғимарат құрылысына және сахнаны реконструкциялау жұмысын бастап жатырмыз. Бүгінгі таңда құрылыс басқармасына ғимаратты түгелімен өткізіп жатырмыз, деп хабарлайды Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Ысқақов.
Жауаптылардың сөзіне сенсек, келер жылы ғимаратты жаңғырту жұмыстары жолға қойылады. Ал спектакль санын көбейту бойынша тиісті шара қабылдау басталған. Театрға жаңа серпін беру мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының 19 студенті Шымкентке жұмысқа шақырылған. Биыл олардың қатысуымен 10-ға жуық жаңа қойылым көрерменге ұсынылмақ.
Лаура Бабас, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Шымкент-Алматы жолы жабылды