TravelStan: туристерге арналған барлық қызмет түрі біріктірілген қосымша іске қосылады

22.04.2025 20:05

Алматыда «Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» форумы өтті

Биыл елімізде туристік салаға қажетті қызмет түрінің барлығын бір платформаға біріктіретін TravelStan қосымшасы іске қосылады. Бұл туралы Алматыда өткен «Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» форумында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

300-ге жуық қатысушының басын қосқан форум туризм саласындағы инфрақұрылымды жақсартуға әрі цифрландыруға бағытталған. Басқосуда 30 жобаның ішінен іріктеліп алынған 10 үздік бастама көпшілікке таныстырылды. Қатарында «PanaApp» мобильді қосымшасы да бар. Инновациялық платформа туристерге тұрақтайтын орын табуға көмектеседі, сонымен қатар саяхатты есте қаларлықтай етуге мүмкіндік береді.

 «Қызықты уақыт өткізуге арналған сервистер бар. Әртүрлі тур бар. Көлсайға барып, киіз үйге қонғыңыз келеді. Оны «PanaApp-тың» ішінен табуға болады. Катонқарағайға барып, қайықпен жүзгіңіз келеді немесе Шымкентке барып, таба нан жасағыңыз келеді. Өте қызықты және күнделікті кездестіре бермейтін сервистерді «PanaApp» мобильді қосымшасынан кездестіруге болады», – деді компанияның маркетинг бөлімінің басшысы Салтанат Нұржанова.

Стартап авторлары қолданушыларға 100-ден аса қызмет түрін дайындап қойған. Олар тараптар арасында ресми серіктестік орнатылғандықтан, алаяқтыққа жол берілмейтінін айтады.

Форумда жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін жобалар да көрсетілді.

 «Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні барлық салаларға енгізу керек екенін айтты. Бір жағынан қолда бар шешімдерді біріктіру үшін осы сұрақтарды талқылап, екінші жағынан стартаптардың барлығын жинап, көмек беру үшін алаңда жиналып отырмыз», – деді «Kazakh tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.

Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, былтыр елімізге 15 миллионнан аса турист келген. Оның 10 миллионнан астамы Қазақстанда кем дегенде 1 күн тұрақтаған. Алайда көрсеткіштер тек 1 миллион туристің қонақүйлерге барғанын растапты. Шетелдіктердің қалғаны қандай орындарды таңдағаны белгісіз. Сол себепті статистиканы жақсартып, туристерге қолайлы жерлерді анықтау үшін «eQonaq» жобасы да іске қосылды.

«Бастама сәтті жұмыс істеп тұр. Туристер қағазбастылықтан құтылды. Жоба арқылы Қазақстанға кімдердің келіп жатқанын, қаншалықты жиі тұрақтайтынын, адамдардың жас мөлшерін біле аламыз. Негізінде ел экономикасына оң әсер беретін, саладағы инфрақұрылымды жақсартуға септесетін шетелдіктердің келгені тиімді», – деді ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

Атап өтейік, туризм саласындағы цифрлық әлеуетті арттыруға бағытталған Kazakhstan.travel порталы мен әуежайларда келушілерге жөн сілтейтін QR-код жүйесі де сәтті жұмыс істеп тұр.

Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Алматының индустриалды аймағында 11 жоба іске қосылады