Қазақстанда Антифрод жүйесі арқылы қанша интернет-алаяқтың жолы кесілді

Бұл орталық күмәнді операцияларды тез анықтауға мүмкіндік береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 1 миллиард 400 миллион теңге алаяқтық транзакциялар бұғатталған. Яғни, интернет арқылы алдап ақша тапқысы келетіндердің жолы кесіліпті. Бұл Ұлттық банк іске қосқан антифрод жүйесінің арқасында жүзеге асты. Бұл орталық күмәнді операцияларды тез анықтауға мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігі бұл жүйе киберқылмыстардың алдын алуға көп көмегін тигізетінін айтып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақстанда интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған Антифрод атты жүйе жұмыс істеп тұр. 2024 жылдың шілдесінен бастап іске қосылған бұл жоба арқылы 1 миллиард 400 миллион теңге күмәнді операциялар бұғатталған. Оның ішінде 1 миллиард 100 миллион теңгеге ақша аударушы банк арқылы шектеу қойылса, қалған сома қабылдаған қаржы ұйымы арқылы бұғатталыпты. Жалпы, өткен жылдың шілде айынан бері 17 мыңнан астам алаяқтық транзакция анықталған екен. 

"Бір орталықтан осы жерде банк қызметкері отырып, аударымдар жасаған кезде сол антифрод орталығының платформасынан көре алады. Қандай тұлғаға ақша жөнелтіліп жатқаны көрініп, құқық қорғау органдарының базасында оның алаяқтыққа қатысы бар екені анықталды және сол операция бұғатталады", - деді ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметінің жетекшісі Асан Ахметжан.

Антифрод-орталық дегеніміз – арнайы технологиялық жүйе. Ол жерде құқық қорғау органдары, бүкіл екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары және ұялы байланыс операторлары өзара ақпарат алмасады. Антифрод-орталық алаяқтық әрекеттер туралы барлық мәліметті бір жерге жинап, бірыңғай деректер базасын құрады. Ал Ішкі істер министрлігі мұндай жүйе киберқылмыстың алдын алуға септесетінін айтып, былтыр 20 мың адам арам пиғылдылардың құрығына түскенін жеткізді. Келтірілген шығын көлемі 45 миллиард теңге екен. Енді полицейлер заңға өзгеріс енгізіп жатыр.

"Өкілетті құзырлы органдармен заңнамаға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Дропперлерді қылмыстық жауапкешірілікке тарту, жеке адамның ақпаратын жарияламау, банк қызметкеріне несие беру, рәсімдеу тәртіптеріне өзгерістер енгізу жұмыстары қолға алынып, қосымша заңнамаларға, нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп жатыр»" - деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Аслан Өскенбаев. 

Антифрод порталының мәліметі бойынша, алаяқтар көбіне телефон арқылы алдайды екен. Бұл – сан соқтырудың ең жиі кездесетін түрі. Одан кейін инвестициялар. Ал әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі алаяқтық 17,61 пайызды құраса, кредит алып береміз деп қалтаны қағатындар 9,57 процентті құрайды. Содан соң жалған онлайн дүкендер, дропперлер және өзге де сайттар бар.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Елімізде терроризм туралы жалған ақпарат таратқан қанша бала ұсталды

Новости партнеров