Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр
Астанада «LIVEGOOD» қаржылық пирамидасын ұйымдастырудан алынған қылмыстық табысты жылыстату схемасы анықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Қаржы мониторингінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында 2023 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта күдікті биологиялық белсенді қоспаларды сатумен айналысатын желілік маркетингтің атын жамылған «LIVEGOOD» қаржылық пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарғаны анықталды.
Пирамида схемасы бинарлы жүйеге негізделген, оған сәйкес қатысушылар жаңа қатысушыларды шақыру санына байланысты әртүрлі деңгейлерде орналастырылған.
Осылайша, қаржылық пирамиданың негізгі табысын ББҚ сату емес, жаңа салымшылардың жарналары құраған.
«Уәдеге сенген 6 мыңнан астам азамат деңгейіне байланысты айына 2 000 АҚШ долларына дейін бонус алуға үміт артып, «LIVEGOOD» компаниясынан ай сайынғы төлемі бар 50 АҚШ долларына жазылым сатып алған. Заңсыз жолмен алынған қаражатқа күдікті құны 60 миллион теңгеден астам автотұрағы бар екі пәтер сатып алған, оларды заңды жолмен тапқан табысымен үйлестіріп тәркілеуден жасыру мақсатында өз атына және сенімді тұлғаларға рәсімдеген», - делінген ҚМА хабарламасында.
Сонымен қатар тергеу барысында «Binance» биржасында 0,28 BTC криптоактивтері бар екені анықталды, бұл 28 мың АҚШ долларына тең.
Соттың санкциясымен жылжымайтын мүлік пен криптоактивтерге, автокөлікке, сондай-ақ тінту кезінде тәркіленген 19 миллион теңге және 4 мың АҚШ долларына тыйым салынды.
«2025 жылдың 7 ақпанында күдікті Астана қаласындағы әуежайда шекараны кесіп өту және Түркияға ұшуға қамдану кезінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. 2025 жылғы 8 ақпанда сот оған екі айға "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
ҚР ҚІЖК 201-бабы бойынша тергеудің мүддесіне байланысты басқа ақпарат таратылмайды.
Оқи отырыңыз: ҰҚК Абай облысында терроризмді насихаттады деген күдіктіні ұстады