Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы неге қымбаттады

Жергілікті билік "тауарлардың құны бұдан артық қымбаттамайды" деп сендіріп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде азық-түліктің көтерме бағасы орта есеппен 5 пайызға өсті. Халық тұтынатын тауарлардың құны әсіресе Жетісу мен Түркістан облысында едәуір қымбаттаған. Оңтүстік өңірде, мәселен, тауық еті - 11, ал картоп құны 13 пайызға артқан. Пияз бағасында да өсім бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістандағы ең үлкен орталық базарда аудан мен қалалардан келетін жұрт сауда жасайды. Әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының өскенін азық-түлік алуға келген жұрт та байқапты.

"Ұн, вермишель қымбат болып жатыр, соларды түсірсін", "Әлеуметтік дүкенде ғана аз қамтылғандарға береді, бағасы қарапайым шаруаның қалтасына оң келеді. Қалған жерде ондай баға жоқ, бәрі өте қымбат", - дейді пікір білдірген тұрғындар.

Сатушылар да жұртқа ең қажетті азық-түлік түрлерінде өсім бар екенін мойындайды. Бірақ олар бағаны ауадан алмаймыз дейді.  

«"Қыста жол шығынына байланысты қымбаттайды. Өйткені кей өнім үсіп кетеді, шығыны көп болады. Сол үшін баға шамалы көтеріледі. Сәбізді 200 теңгеден, пиязды 180-200 теңгеден сатып жатырмыз. Капустаның бағасы ары кетсе 200-230 теңге", - дейді сатушы Сәлима Төлегенова.

Ал сарапшы Гүлзира Әзіретбергенова мұндай өсімге көбіне нарықтағы делдал сауда себеп дегенді алға тартады. Мұндайда тауардың негізгі құнының өскенінен бөлек, қолдан-қолға өтуі де бағаның бақылаудан шығуына себеп екен.

"Тасымалдаушы мен делдалдар ақшаны көп табады. Сол үшін отандық өндірушілер тікелей нарыққа шығуы керек. Сол кезде ғана қымбатшылықты ауыздықтаймыз. Қымбатшылықты ауыздықтау үшін мемлекет тарапынан ауылшаруашылық саласына қолдау керек", - деді экономист Гүлзира Әзіретбергенова.

Бұл ретте тауар құнын негізсіз көтеріп жіберетін пысықай кәсіпкерлердің барын жоққа шығармаймыз. Алайда олар әлеуметтік азық-түлікке 15 пайызға дейін ғана үстеме ақы қосуға құқылы. Ал шектен шығып кетсе, сатушы айыппұл арқалайды. Мәселен, былтыр Түркістан облысында осындай 250-ге жуық кәсіпкер заң бойынша жазаланыпты. 

"Келіп түскен материалдар негізінде 260-ке жуық іс қаралып, соның 248-іне шара қолданылды. Оның 244-іне ескерту түріндегі ӘҚК сәйкес шара қолданылса, 4-іне айыппұл түрінде жаза қолданылды", - деді Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Самат Кенжетайұлы.

Жергілікті билік "тауарлардың құны бұдан артық қымбаттамайды" деп сендіріп отыр. "Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ" дейді. Себебі, тұрақтандыру қорында халыққа қажетті азық-түлік қоры жеткілікті көрінеді және тауар сауда орталықтарына тікелей жеткізіледі екен.

Нұркен Әкімхан, "Алматы" телеарнасы үшін арнайы Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Жатыр мойны обырының алдын алу: Алматыда 600 жасөспірім вакцина алды

Новости партнеров