Түркістан облысында шегірткені жою үшін 8 дрон жеткізілді

28.04.2025 13:19

Аумақтарды химиялық өңдеуге 117 техника мен 410 аспалы бүріккіш құрал тартылған

Түркістан облысында шегірткеден келер қауіп үдей түсті. Ал жергілікті тұрғындар биыл Марокко зиянкестерінің шектен тыс көбейгенін айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шегіртке төрт бірдей елдімекендегі жайылымды басып қалған. Тұрғындар «зиянкестер жолындағының бәрін жеп, шөп қалдырмайтын түрі бар» дейді.

 «Биыл жаңбыр аз жауды. Сол себепті де 5-6 күннен асты шегірткелер қанаттап секіріп, бақшаны жеп жатыр. Өлтірудей өлтіріп жатырмыз. Шаруаға ештеңе қалмайтын болды», – деді шаруа Таңат Төленбаев.

Шаруалардың мұндай жағдайға тап болғаны биыл ғана емес. «Бірнеше жылдан бері мәселе өзекті» деген олар тез арада жағдайды қалыпқа келтірмесе, егістіктің сапасы нашарлай ма деп алаңдайды. Ал жауаптылар зиянкестер анықталған 131 мың гектар алқапты 22 секторға бөлгеін айтты. Аумақтарды химиялық өңдеуге 117 техника мен 410 аспалы бүріккіш құрал тартылған.

«Болжам орталығы мамандарының зерттеп қойған жері 209 мың гектар болып тұр. Соның ішіндегі 109 мың гектары химиялық өңдеуден өтті. Қауіпті кезеңге әлі жақындаған жоқ. Әлі 10 күн, екі апта уақыт бар. Оған дейін үлгереміз деп отырмыз», – деді Арыс қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Имамжан Шахатов.

Зиянкестер шоғырланған аудандарда жедел штабтар құрылған. Мамандар шегірткелер қанаттанып кетсе, оны жою қиынға соғатынын айтты. Сондықтан жәндіктермен күреске ауылшаруашылығы министрлігі қосымша 8 дрон жеткізді.

 «Жасанды интеллект болғаннан кейін дрон толықтай программаланған. Сол бойынша жұмыс жасайды. 12 минутқа батарей жетеді. 45 литр дәрі құйылады. Бір ұшып қайтқанда, 3 гектар жерді өңдейді», – деді мердігер компанияның өкілі Азат Бетекбаев.

Арыстан бөлек, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт пен Шардара аудандарында жәндіктердің ошағы жойылып жатыр. Бүгінге дейін өңірде 305 мың гектар жер өңделген.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында сумен жабдықтау жүйесін салуға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді