Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған 165 адамға қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық істер сотқа өтті
Түркістан облысының 8 ауданында білім бөлімінің қызметкерлері 12 млрд теңге көлемінде қаржы жымқырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Облыстық прокуратура мен экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері аса ірі көлемде алаяқтық жасаған 165 адамға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істерді сотқа өткізді. Нәтижесінде, Сауран ауданының бөлім басшысы мен есепшісі жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал тағы екі есепші жеті жылдан шартты жаза арқалады. Оларға "Білім беруге бөлінген 29 млн теңгені жымқырған" деген айып тағылып, сот барысында кінәлары толық дәлелденіпті.
"Білім саласындағы жымқыру фактілеріне негізінен сол білім бөлімдерінің басшылары, бас есепшілері, есепшілер және де экономистер кейбір істер бойынша жауапкершілікке тартылған. Жалпы осы 8 іс бойынша 7-еуі сотқа жолданған болатын", - деді Түркістан облыстық прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары Нұрғали Бейімбетов.
Ал Жетісай мен Шардара ауданының білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Мұнда айыпталушылар көп болғандықтан, сот отырысы спортзалға ауыстырылған. Қазіргі таңда азаматтарды күзетпен ұстау және үй қамаққа алу шарасы қолданылыпты.
Жалпы, құзырлы орган өкілдері жоғарыда аталған барлық қылмыстың бірдей негізде жасалғанын айтады. Яғни, мектептегі үнемделген ақшаны бас пайдаларына жаратқан.
"Бухгалтер болып қызмет атқарып жүріп, сол мектеп саласында жұмыс істейтін мұғалімдердің тұсына өздерінің таныстарын, жақындарының ЖСН-і мен карталық есепшотын жазу арқылы ақшаны аударып отырған. Соны өздері қолма қол шешіп отырған", - деді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары Олжас Мүсілім.
Оқи отырыңыз: СҚО-да жұмысшылардың жалақысынан 2 млн теңге заңсыз ұсталған