Сенат депутаттары Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заңды мақұлдады
Сенат депутаттары Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заңды мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құжат шаһардың тарих және мәдениет ескерткіштері мен тарихи-мәдени мұрасы объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтаудың және олардың бүтіндігін сақтап тұрудың тиімді жүйесін құруды көздейді. Сондай-ақ заңда бұл объектілерді қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган құрылатыны жазылған.
"Қожа Ахмет Ясауи кесенесі төңірегінде біртұтас сәулет стандарттары енгізілді. Күзетілетін аймақта биіктігі 7 метрден асатын, масштабы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи және мәдениет ескерткіштерге сәйкес келмейтін ғимараттарды салуға тыйым салынады", – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бауыржан Қаниев.
Сондай-ақ Түркістанға қатынайтын ұшақтардың саны көбейеді. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, өңірдегі туризмнің тұралап тұру себептерінің бірі – халықаралық әрі ішкі әуе рейстердің аздығы. Сондықтан министрлік арнайы жоспар әзірленген. Оған сай алдағы уақытта аймаққа әуе кемелері көптеп ұшатын болады. Ал сенаторлар былтыр Түркістанға келген шетелдік саяхатшылардың саны бар болғаны 2,6 пайыз деп дабыл қағып отыр. Мәселені шешудің бір жолы - Ташкент, Хиуа, Бұхара сияқты қалалардан тікелей рейстер ашу.
"Туризмнің онсызда тығырықтағы жағдайын халықаралық әуе бағыттарының қысқаруы қиындатуда. Қазіргі уақытта Әзірет Сұлтан әуежайы тек Стамбул рейсерін қабылдайды. Бұрын Кувейт, Самарқанд бағыты қарастырлған. Олар табыссыз болғандықтан жабылды", – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатыбалдиев.
Оқи отырыңыз: Президент «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барды