Түрмеден қоңырау шалған: 25 жылға сотталған ер адамның жаза мерзімі ұзартылды

06.02.2025 18:41

Оған лаңкестік туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін тағы үкім шықты

Аlmaty.tv

Жетісу облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін үкім шығарылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Заң және Тәртіп" идеологиясын жүзеге асыру аясында Талдықорған қалалық соты №71 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматқа қатысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін үкім шығарды.

"Бұған дейін аса ауыр қылмысы үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған «Ж» 2024 жылдың қараша айында түзеу мекемесінде бола отырып, жаңа қылмыс жасаған.

Ол 112, 103 және 102 шұғыл қызметтеріне қоңырау шалып, №25 орта мектепте және автовокзалда жарылғыш заттардың қойылғаны туралы хабарлама жасап, автовокзалға жедел жәрдем бригадаларын жіберуді талап еткен", - делінген ведомство хабарламасында.

Объектілерді эвакуациялау және тексеру барысында жарылғыш заттар табылмады.

Сот оны ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша кінәлі деп танып және 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Алдыңғы үкім бойынша өтелмеген жазаның ішінара қосылуын ескере отырып, соңғы жаза 25 жылға бас бостандығынан айыру болып белгіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Оқи отырыңыз: Ақтауда балабақша есепшісі 9 млн теңге жымқырған