Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды
БҚО-да криминалдық полиция қызметкерлері жеке үйлерді тонады деген күдікпен қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл ақпанда Орал қаласы мен Бәйтерек ауданында бірнеше ірі ұрлық болды. Қылмыскерлер үш үйге пластикалық терезені итеріп кіріп, алтын бұйымдарды (сырға, сақиналар, алқалар және т.б.) және ақшалай қаражатты ұрлаған.
Ұрлық кешкі және түнгі уақытта үй иелері болмаған кезде жасалғаны анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде БҚО полиция департаментінің қызметкерлері облыстың төрт тұрғынын ұстады.
Олардың үшеуі бұрын бірнеше рет ұрлық, тонау және алаяқтық қылмыстарын жасағаны үшін сотталғаны белгілі болды. Ұрланған заттардың бір бөлігі күдіктілер өткізіп жіберген орындардан тәркіленді.
Күдіктілерге қатысты үш эпизод бойынша алдын ала тергеу басталды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Жалпы шығын сомасы 2 миллион теңгеден асады. Қылмыскерлердің басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Дереккөз: Polisia.kz.
Оқи отырыңыз: Ақтөбедегі бала өлімі: марқұмның әкесі оның жүрегі жарылып кеткенін айтты