Үйір-үйір жылқы, табын сиыр жоғалды: Жамбыл облысында 580 бас мал ұрланған

Аймақтағы Талас, Жамбыл, Жуалы аудандарында ұрлық өршіп тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жылда үйір-үйір жылқы, табын сиыр ұрланады». Осылай деген Жамбылдық тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмей дал, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талас ауданындағы аядай Аққұм ауылының шаруаларын барымташылар талан-таражға салуда. Мұнда жылда үйір жылқы жоғалады. Сондықтан ауылдықтар түлігін ауылдан асырмай, аулада байлап бағуға мәжбүр.

 «Үш жылда 3 үйір жылқы кетті. Әуелі 23 бас, сосын 16 бас малды қолды болды.  Былтыр 20 бас жоғалды. Есептеп жатқан ешкім жоқ», – деді Аққұм ауылының тұрғыны Әлімхан Далбақов.                               

Ауыл тұрғындарының бәрі мал бағып, күнін көріп отыр. Олардың айтуынша, ұрылардың түн ішінде көше аралап, қораға түскен кезі де болған. Сондықтан жұрт таң атысымен алдымен түлігінің түннен түгел шыққанына көз жеткізеді. Ал ағайын құқық қорғау қызметіне сенуді қойған. Себебі учаскелік полицейдің өзін табу бір машақат. Тапқан күнде қайыр жоқ. Өйткені, маман мал іздесе, тұрғындар өздері көлік табуға мәжбүр екен.

«Ауылдың тұрғындары біреуді жалдайды. Оған ақша төлеп, майын құйып береді. Көлікке отырып, әрі-бері 2-3 күн сандалтады. Малы жоғалған адам тамағына алуға міндетті. Қарнын тойдырып алады да, ештеңе таппайды. Малдың иесі шығындалады», – деді Аққұм ауылының тұрғыны Ерлан Шопанбаев.

Мұны естіген полиция департаменті жұмысына жауапсыз қызметкеріне қатысты тексеріс ашпақ. Ал ұрлықтың өршіп тұрғанын олар да жоққа шығармайды. Соңғы үш айда 146 басты барымташылар алдына салып айдап кеткен. Олардың тең жарымы әлі табылмапты. «Бекер отырған жоқпыз» деген тәртіп сақшылары мал ұрлығын кәсіпке айналдырған бірнеше қылмыстық топты қолға түсірген.

«Өткен айда Жамбыл және Талас аудандарында мал жайылымдарынан тұрақты түрде мал ұрлықпен айналысып жүрген 3 адамнан тұратын қылмыстық топтың қылмыстық әрекетін әшкереледік. Олардың 4 дерек бойынша 28 бас жылқыны ұрлағанын дәлелдеп отырмыз», – деді ПД Криминалды полиция басқармасының бастығы Мақсат Юсупов.

Жауаптылар барымташылардың қараусыз жайылымдағы малға жиі қол салатынын айтуда. Сондықтан көзден таса қалдырмай, иелері жауапкершілік алу керек

Аймақтағы Талас, Жамбыл, Жуалы аудандарында ұрлық өршіп тұр. Жергілікті тәртіп сақшылары айналдырған бір жылдың өзінде аудандардан 580 бас малдың жоғалғанын растады.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: 

 

 

Новости партнеров