Ұшақ апаты: Әзербайжаннан келген делегация ауруханада жатқан отандастарын елге алып кетті

Almaty.tv
Almaty.tv

Баку–Грозный және Баку–Махачкала бағыттары бойынша әуе рейстері тоқтады деген ресми хабарлама тарады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әзербайжаннан Ақтау қаласына келген делегация ауруханада жатқан отандастарын елге алып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, қайғылы жағдайдан 38 адам қаза тапқан. Оның алтауы Қазақстанның азаматы. Аталмыш жағдай бойынша кеше тергеу жөніндегі комиссия басшысы Қанат Бозымбаев БАҚ өкілдерімен кездесіп, брифинг өткізген.

Қанат Бозымбаев брифинг кезінде ұшақтың қара жәшігі табылып, қылмыстық іске заттай дәлел ретінде тіркелгенін айтты. «Әуе кемесінің неден апатқа ұшырағанын» дөп басып айта алмаймыз деген ол, нақты шешім сараптама қорытындысынан соң жарияланатынын айтты.  Оқиға Қазақстан аумағында болғандықтан, тергеу жұмыстарымен жергілікті орган айналысады.

"Оқиға Қазақстан аумағында тіркелгендіктен, техникалық тұрғыда біздің мамандар айналысады. Дегенмен әріптестермен ақылдаса келе халықаралық мамандарды да алдырамыз деп шештік. Оның ішінде қара жәшікті зерттейтін арнайы мамандар да болады", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Маңғыстау облысына келген, қайтыс болған шетелдік азаматтардың жақындарына да қажетті көмек беріледі. «Олар назардан тыс қалмайды» деген өңір басшысы көмекшісінің байланыс нөмірін де жариялады.

"Тізімде көрсетілгендердің туыстарына көмек көрсетеміз. Олардың мұнда таныстары да, достары да жоқ. Барлығы дерлік шетел азаматтары. Егер сіз Ақтауға келетін болсаңыз, телефонды нөмірін жазып алыңыз. Бұл – көмекшімнің телефоны. Ең бастысы кімнің туысы және рейс нөмірін айтсаңыз болды", –деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай.

Тергеу амалдары аяқталғанша қазір өзге ақпарат жарияланбайды. Сонымен қатар Баку–Грозный және Баку–Махачкала бағыттары бойынша әуе рейстері тоқтады деген ресми хабарлама тарады. Ал Ақтау қаласындағы әуежай әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Рейстер де өз уақытында ұшуда.

Мадина Оқас, Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Ұшақ апаты: ессіз жатқан науқас Әзірбайжан азаматы екені белгілі болды

Новости партнеров