Елімізде тұлғалардың гиперреалистік мүсіні қойылған мұражай ашылуы мүмкін

Айдос Есмағамбет 2009 жылдан бері 15 шақты тұлғаның мүсінін жасаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде танымал тұлғалардың гиперреалистік бағыттағы мүсіні қойылған мұражай ашылуы мүмкін. Шебер Айдос Есмағабетов мемлекеттен қолдау болса, сирек өнерді жастарға үйретуге ниетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мүсінші-гиперреалист Айдос Есмағамбет 2009 жылдан бері 15 шақты тұлғаның мүсінін жасаған. Оның коллекциясында Жамбыл Жабаев, Абылай хан, Абай Құнанбаев, Болған Ана, Роза Бағланованың мүсіні бар. Айдостың айтуынша, Абай Құнанбаевтың бейнесін 4 ай жасаған. Өйткені ақынның келбетін дәл келтіру үшін ғаламтордағы сурет жеткіліксіз болған.

"Cуреттің тұпнұсқасы Семейде болғандықтан, директорына хабарласып, көмек сұрадым. Суреті  поштамен жіберді. Жақындатып, пластилинмен жасадым. Соның өзінде қырынан тұрған суреті керек болды, бірақ таба алмадым", – деді мүсінші-гиперреалист Айдос Есмағамбет.

Айдостың туынша, мүсін шынайы шығуы үшін анатомиялық заңдылықтарды білуі керек. Шаш қоюдың өз реті бар. Егер шаш сирек болса ара қашықтығы 2-3 миллиметр, ал қалың болса 1 миллиметр болады және бір-бір талдан ғана қойылады. Ал адамның жанарын жасап шығу қиын.  

 "Көзді сатып аласыз ба?" деп сұрайды. Жоқ, арнайы пішінге құйып, ұсақ-түйек тамырларына дейін жасалады. Шаш қадау процесі де на қарай ұзақ жасалынатын жұмыс", – деді мүсінші-гиперреалист Айдос Есмағамбет.  

Айдостың арманы – Амстердамдағы әйгілі мадам Тюссо музейі сияқты елде мұражай ашу. Сол жерде шеберхана жұмысын жандандырып, шәкірт тәрбилеп, сирек өнердің қыр-сырын үйреткісі келеді. Бұл жобаны іске асыру үшін мемлекеттен қолдау күтеді. Өйткені шынайы мүсін жасайтын материалдарды шетелден тапсырыспен алдырады. Сәйкесінше, бағасы да қымбат. 

Әйгілі тұлғалардың мүсіні дәл осы шеберханада жасалады. Бір бейнені жасауға 4 айдан жарты жылға дейін уақыт қажет. Мәселен АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың мүсіні 6 айда дайын болған. Оның бойы, дене бітімі, керек десеңіз аяқ киіміне дейін шынайы. Тіпті көзінің астындағы майда әжімдерін де айнытпай жасаған.

Айдостың алға қойған жоспары көп. Қазір ол мажарстандық антропологтармен бірлесе ғылыми зерттеу жүргізіп, тарихи тұлғалардың болжамды мүсінін жасап жатыр.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Кешкі вальс: алматылық зейнеткерлер жаңа жылдық мерекені қалай атап өтті

Новости партнеров