Жол-көлік апаты 5 ай бұрын Мақатаев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында болған
Алматыда 25 жолаушы жарақат алып, бір адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айыпталушы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бірақ ол жазасын баласы 3 жас 9 айға келгеннен кейін өтейтін болады. Сот оның жауапқа тартылу мерзімін үш жылға кейінге шегерді. Сондай-ақ айыпталушы 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Шешім шығарарда зардап шеккен тараптың сотталушыны кешіргені, жол-көлік оқиғасының абайсыздықтан болғаны және қасақана жасалған әрекет емес екені ескерілді.
"Аталған бап бойынша айыпталушы 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылсын. Сартаеваның жазасының орындалуы сәбиі Сартаева Данель Дастанқызының 3 жас 9 ай толуына дейін 3 жылға кейінге шегерілсін. Айыпталушы көлік құралын жүргізу құқығынан 5 жылға айырылсын", – деді Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов.
Еске салайық, жол-көлік апаты 5 ай бұрын Мақатаев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында болған. Салдарынан 25 жолаушы зардап шегіп, 1 адам қаза тапқан. Бұған дейінгі сот отырысында айыпталушының соңғы сөзін айтып, кінәсін толықтай мойындайтынын, жауапкершіліктен қашпағанын жеткізіп, бас бостандығынан айырмауды өтінген болатын. Зардап шеккендерден тағы бір мәрте кешірім сұраған ол кішкентай нәрестесі бар екенін де еске салған.
Оқи отырыңыз: Жылан – құпиялар жылы: ел тарихында қандай маңызды оқиғалар болды