Қазақстанда 86 мың шақырым коммуналдық желі жаңғыртылады

Сондай-ақ шамамен қуаты 7 мың 300 мегаватт электр желісі салынады 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда алдағы бес жыл ішінде шамамен қуаты 7 мың 300 мегаватт электр желісі салынады және қолданыстағылардың бір бөлігі жаңғыртылады. Ол үшін 6 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Вице-премьер Қанат Бозымбаев елімізде электр желілерін жаңғырту барысы туралы айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

"Бұл бағытта Энергетика министрлігінің қаржыландыру тетігі бар, ұлттық жоба электр қуаты нарығы арқылы іске асырылады. Ал қаржыландыру нарық жағдайында жүргізіледі, яғни пайыздық мөлшерлемені қалыптастыру үшін ешқандай субсидия қарастырылмаған", - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобасының екінші бағыты – елдегі коммуналдық желілерді жаңарту. Мұндағы инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 6,8 триллион теңге болады. 10 пайыз көлемінде құбылуы да мүмкін. Ол ақшаға 86 мың шақырым коммуналдық желіні жаңғырту және дамыту қажет. Айтпақшы, бұл үшін қаражат бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынады екен.  

"Әр түрлі көзден тиісті қаржы тартылады. Соның ішінде зейнетақы қоры да бар. Инфрақұрылым қаржы өзін-өзі ақтайтын ең сенімді салалардың бірі болып есептеледі. Сондықтан ол мәселе де қарастырылады. Инфрақұрылымды жаңғыртуға нақты қанша қаражат бөлінетіні бірінші жартыжылдықта немесе бірінші жартыжылдықтан кейін, компаниялар жобаларын әзірлеп біткеннен кейін белгілі болады", - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Оқи отырыңыз: Таразда бес жыл бұрын басталған канал құрылысы әлі аяқталмаған

Новости партнеров