Қалған 15 нысанның құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасының аясында Алматыда 36 мың 800 орындық 22 мектеп салу жоспарланған. Оның біреуі былтыр қыркүйекте қолданысқа берілсе, биыл тағы алтауының құрылысы аяқталып қойыпты. Құжаттары дайын болғаннан соң бұл білім ордалары да бірден жұмысын бастайды. Ал қалған 15 мектеп қашан ашылады? Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай бастамалар қолға алынып жатыр? Бұл сұрақтардың жауабын Аlmaty.TV тілшісі Рүстем Айткәрім біліп қайтқан болатын.
Былтыр қыркүйекте ғана ашылған Алматыдағы алғашқы жайлы мектептің құрылысы небәрі 9 айдың ішінде аяқталған. Оқу жылы басталғалы бері мұнда тәлім алатын 1000-ға жуық оқушы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген кабинеттерде шыңдалып келеді. Үзілісте ойлау қабілетін арттырып, бос уақытын зая кетірмеуге тырысады.
"Ұнайды. Мектеп жайлы әрі ыңғайлы. Сонысымен ерекше. Кейде сыныптастарыммен қалып, әртүрлі шара ұйымдастыруға көмек береміз", - деді оқушы Радмир Рашидов.
"Оқушыларымыз мектепке кіріп, алғашқы қадам басқаннан өзіміздің Қазақстанда осындай керемет мектеп салынғанына қатты таңғалды. Енді олардың көзқарасы да өзгерді. Сабаққа деген үлгерімі жақсара бастады. Тәрбие жағынан да қазір бізге жеңіл болды. Балаларға айтасың, айтқан нәрсенің барлығын бірден қабылдап, оқушылар өзін жақсы сезініп жүр", - деді №97 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнәр Тәжібаева.
Ал бұдан бөлек, шаһарда тағы 6 мектеп ашылуға дайын тұр. Құрылысы аяқталған нысандар 10 мың 500 орынға шақталған.
"Қазіргі таңда Алматы қаласында мектептегі орын тапшылығы 30 мыңға жуық. Бірақ 36 мың 800 орынға арналған жайлы мектептер түгел ашылған күннің өзінде, орын тапшылығы қала бойынша сақталып қалады. Неге десеңіз, жыл сайын Алматы қаласы бойынша оқушылардың саны 10-14 мыңға дейін өсіп отыр", - деді Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
Ол үшін басқарма мамандары әкімдікпен бірлесе, 2030 жылға дейін жоспар құрып қойыпты. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында салынатын ендігі 15 нысанның құрылысы биыл, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.
Еліміз мектептерінде бүгінде оқушылардың қауіпсіздігіне айрықша мән беріліп жатыр. Мәселен, 111 байланыс орталығының QR-кодтары көптеп ілінген. Оның қызметіне жүгінген оқушылар өз құқығын қорғап, әрі психологиялық көмек ала алады. Ал ол үшін бар болғаны QR-кодты сканерлесеңіз жеткілікті.
Еске салайық, аталмыш бастаманың көмегіне бүгінге дейін 4200-ден аса оқушы жүгініпті. Олардың барлығына қажетті қолдау көрсетілген.
Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда жастар жолды қардан тазартып жүрген жұмысшыларға ыстық шай таратты