Қазақстан әлі күнге дейін авиаотынды көрші елдерден сатып алуға мәжбүр. Бұл туралы Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ведомство басшысы авиаотын тапшылығын шешу үшін бірыңғай оператор құруды ұсынып отыр. Сол арқылы делдалдарды жойып, транзиттік ұшақтарға қолжетімді баға ұсынуға болады. Сондай-ақ бүгін депутаттардың алдына алғаш рет Air Astana басшысы Питер Фостер келді. Алып компания басшысын депутаттар сұрақ астына алып, халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап алуға тырысты.
Депутаттар Мәжілістің Үкімет сағатында елдегі әуе компанияларының жұмысын сынап, билет бағасы көрсетілетін қызметтің сапасына сай келмейтінін, ұшақтардың үнемі кешігіп жүретінін айтты. Көлік министрі Марат Қарабаев ұшақ билеті тек біздің елде емес, шетелде де қымбат деп ақталды. Ал ұшақтардың кешігуін ведомство басшысы бірнеше әуежайдағы жөндеу жұмыстарымен, ауа райының қолайсыздығымен байланыстырды.
"Бұл мәселені бұған дейін де көтергенбіз. Әуе компанияларға айыппұлды екі есеге, тіпті 10 есеге арттыруға болады. Бірақ түптеп келгенде халық жапа шегеді. Өйткені әуе компаниялары билет құнын аспандатып жібереді. Сондықтан басқа механизмді ұсынып отырмыз. Мәселен компанияның бірінші басшысына айыппұл салмамыз", – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
2005 жылдан бері Air Astana басқарып келе жатса да, Үкімет сағатына алғаш рет келген Питер Фостер депутаттардан қатты сөз естіді. Қарапайым халық сияқты олар да ұшақ кешіккенде берілетін өтемақыны ала алмай жүр екен. Еділ Жаңбыршин «өтемақыны алуды жеңілдету қажет» дейді. Айтуынша, әуе компаниясының сайтынан өтемақыға өтінім беру өте қиын. Депутаттардың сыны Питер Фостерге ұнамай қалды ма, алпауыт компания басшысы миығынан күліп жіберді. Дәл осы қылығы Жаңбыршиннің ызасын туғызғандай.
"Күлетін ештеме емес ол. Сіз күлмеңіз! Сіз бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз, ештеңені түсінбейтін! Ойнамаңыз, ондай күліп бізді менсінбей. Бұл Парламент!" – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.
Билет бағасына тоқталған Air Astana басшысы 2024 жылы Flyarystan ішкі билеттерінің 21 пайызы 10 мың теңгеден, 37 пайызы 15 мың теңгеден сатылғанын алға тартты. Питер Фостер Мәжіліс кулуарында журналистерге арзан билет алудың жолын тәптіштеп айтып берді.
"Билетті ертерек алсаң, арзан болады. Билет бағасы сұранысқа да аса байланысты. Сол себепті демалыс және мереке күндері баға жоғары болады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Дегенмен жергілікті әуе компаниясы ретінде Flyarystan рейстерінің орташа бағасы өзге елдердің әуе компаниялары рейстерінің бағасымен салыстырғанда біршама бәсекеге қабілетті деп санаймыз", – деді Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер.
Марат Қарабаевтың айтуынша, биыл Air Astana мен Flyarystan 10 ұшақ сатып алған. 2025-2026 жылда тағы 23 жаңа ұшақ қатарға қосылады. Алайда, әуе кемесінің саны артқаннан билет құны арзандай ма, ол жағы белгісіз. Бір анығы, Қазақстан ішінде ұшатын 671 бағыттағы әуе кеменің 97 пайызының шығарылғанына 10 жылдан асқан.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Қостанай облысында автокөлік шығаратын зауыт салынады