Күдіктілер 234 млн теңгеге 3 қымбат көлік сатып алған
Шымкенттік ерлі-зайыпты қолдан арақ-шарап өндіріп келген. Олар алкогольді өнімді жасауға жалған акциздік маркалар мен этил спиртін пайдаланған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өнім үшінші мегаполистен бөлек, көршілес Түркістан және Жамбыл облыстарында да саудаланған. Тексеріс барысында заңсыз кәсіп 2022 жылдан бері жұмыс істеп, қомақты қаржы әкелгені белгілі болды. Күдіктілер 234 млн теңгеге 3 қымбат көлік сатып алған. Бірақ олардың бір бөлігін жақын туыстарына рәсімдегені болып шықты. Тінту кезінде темір тұлпарлардан бөлек, 75 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат та тәркіленген.
"Сот үкімімен аталған тұлғалар заңсыз кәсіпкерлік, акцизделетін тауарлардың таңбалау тәртібі мен ережелерін бұзу, қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру бойынша кінәлі деп танылды. Сот оларға 5 және 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – деді Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Камилхан Исмаилов
Оқи отырыңыз: Шерзат Полаттың өліміне қатысты тың мәліметтер жария етілді