Зейнолла Сәнік тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Баспагер – қазақ этнографиясының алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан тұлға

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін – қазақ руханияты үшін маңызды күн. Белгілі жазушы, этнограф-ғалым Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай Алматыдағы қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Баспагер – қазақ этнографиясының алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның 15 томдық шығармалар жинағы – ұлт тарихының тұғырын нықтаған баға жетпес мұра.

«Осыдан 5-6 ай бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне Зейнолла Сәніктің «Әдеби әлемі» деп мақала жазғанмын. Зейнолла Сәніктің қазақтың этнографиясын, этнологиясын, салт-дәстүрін жақсы білетіні соншалықты, оның бүкіл шығармаларының сюжеті дәстүрлі құндылықтарға негізделген», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы.

Жазушының шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде дәстүрлі «Сәнік оқулары» байқауының марапаттауы өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған сайысқа студенттер мен магистранттар қатысты. Байқау «Үздік ғылыми жұмыс», «Үздік баспасөз материалы», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» және «Үздік деректі фильм» номинациялары бойынша ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға Зейнолла Сәнік атындағы арнайы шәкіртақы табысталды.

 «Республикалық байқаудың негізгі мақсаты – жастарды Зейнолла Сәніктің шығармашылығын жан-жақты насихаттап, оны келешек ұрпаққа дұрыстап табыстау. Байқауда ғылыми жоба бойынша бағымды сынап көрдім. Жобамда Зейнолла Сәнікті жазушы ретінде ғана емес, оның этнографиялық, редакторлық қырын жан-жақты аштым», – деді байқау жеңімпазы Дана Садырхан.

Оқи отырыңыз: Меруерт Өтекешова: «Қыз Жібек» киносынан Асанәлі Әшімов екеуміз ғана қалдық

 

Новости партнеров