Жабылған жолды айналып өтпек болған: Ақмола облысында жүргізуші көлігімен суға батып кетті

06.04.2025 16:17

Көліктегі екі адамды құтқарушылар мен полицейлер аман алып қалды

ҚР ТЖМ видеосынан скрин

Құтқарушылар көлік ішінде жүргізушімен бірге болған екі жолаушыны судан аман алып шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.  

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес жол қозғалысына шектеу қойылғанына құлақ аспай өтіп кеткен көлікті су ағызып әкеткен.

— 5 сәуірде «Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай —РФ шекарасы» автожолының 963-шақырымын су шайып кетуіне байланысты автокөліктің барлық түрі үшін жол қозғалысына шектеу енгізіліп, блокбекет қойылды. Дегенмен жүргізуші тыйым салынғанына қарамастан, блок-бекетті айналып өтіп кетті. Алайда су басқан учаскені өтіп жатқан кезінде оны су ағызып әкетіп, көлік су астына кетті, — делінген хабарламада.

Көлікте үш адам болған. Олардың екеуін құтқарушылар мен полицейлер аман алып қалды. Зардап шеккендерге медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Ал жүргізушінің денесі 02:30 шамасында табылды.

— Полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлері қазақстандықтарға үндеу жолдап, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және шектеу енгізілген су тасқыны қаупі бар жол учаскелерінен өтпеуді сұрады, — делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында экс-полицейді өлтірді деген күдікті ұсталды