Жақыныңа көмектес: Алматыда қайырымдылық акциясы өтті

03.03.2025 16:36

Алғыс айту күнінде Отан соғысы ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетті

Алғыс айту күнінде «Жақыныңа көмектес» атты қайырымдылық акциясы да ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара аясында еріктілер зейнеткерлерге, Отан соғысы ардагерлеріне және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсеткен. Науқанға қатысқандар 102 жастағы Отан соғысының ардагері Николай Таратуниннің үйіне арнайы барып, ауласын қар мен мұздан тазалады. Сондай-ақ кіреберіс жолдарын ретке келтіріп, күнделікті шаруашылық жұмыстарына жәрдемдесті.

Айта кетейік, Николай Таратунин соғыс жылдары шекара әскерлерінде қызмет етіп, ерлігі үшін бірнеше мемлекеттік марапатқа ие болған. Қазіргі таңда ардагер Алматы қаласының Түрксіб ауданында тұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы акция наурыз айы бойы жалғаспақ.

«Бүгін осы игі іске атсалысқан еріктілерге, ұйымдастырушыларға, барша жанашыр жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Менің әкем, Николай Таратунин – Отан соғысының ардагері, өмірін елін қорғауға арнаған жан. Бүгін ол 102 жасқа келді. Осындай қамқорлық пен қолдауды сезіну біз үшін аса маңызды, – деді ардагердің ұлы Александр Таратунин.

Оқи отырыңыз: Бірліктің белгісі: Алматыда 100 шаршы метрге мурал салынды