Жамбыл облысында шибөрілер екі есе көбейіп кетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында шибөрілер әдеттегіден екі есе көбейіп кеткен. Тіпті кешқұрым елдімекенде емін-еркін жүретін болған. Салдарынан ауылдағы малға қауіп төнді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шибөрілердің қаптағанын Талас ауданының тұрғындары қыста байқаған. Бастапқыда ауыл шетінде жүрсе, кейін қорқаулар қорқуды қойып, ел ішіне кіре бастапты. Майтөбе тұрғындары шибөрілердің мал төлдеу уақытында мазаны алғанын айтады.     

 «Кешке қарай шулайды ауылдың шетінде. Батыстан да, шығыстан келіп, ауылдың ішіне кіріп кетеді.  Таудан өмірі көрмейтінбіз, малға барамыз, тау жақтан шулап түседі, – деді Майтөбе ауылының тұрғыны Ермахан Жолтаев. «Кейде 15-20-дан топпен жүреді. Осы күнге дейін келеді. Жиде бар, жидеге де келеді. Аң аулағаныма 60 жыл болды, бұрын шибөрілер ауылға кірмейтін», – деді Майтөбе ауылының тұрғыны Орал Іңкәрбек.

Ауылдықтар шибөрі шарбаққа дейін келіп, ұсақ малды жеп жүргенін айтты. Өлесемен қоректенетін хайуанның ауру таратуы да бек мүмкін. Себебі жыл басында белгісіз аурудан Есенғали Кемеловтің 40 бас қойы қырылып қалған.

 «Екі кештің арасында толып кетеді. Қозыларды жеп жатыр. Өріске шықса, каналды бойлап келіп, жеп кетіп жатыр. Санын азайту керек боп тұр. Қандай амал барын білмей отырмыз», – деді Майтөбе ауылының тұрғыны Есенғали Кемелов.

Жергілікті билік шибөрі шеңгелді мекен ететіндіктен, ауыл маңындағы жидені отап тастамақ. Өйткені хайуанды атуға заң рұқсат бермейді екен. Ал аймақтағы жауаптылар биыл қорқаудың 800 басқа көбейіп, 1700 ден асқанын растап отыр. Дегенмен оларды бас салып қырмай, алдымен ауруы бар-жоғын тексеріп алмақ.

 «Шибөрі 2023 – 2024 жылмен салыстырмалы түрде қарағанда саны артты. Соған байланысты 2025-ке 737 басқа лимит бөлініп отыр. Түлкілер, қарсақтар, шибөрі, қасқырлардан сынама алу биыл жоспарда бар. Аурудың қайдан тарап жатқаны, осы сынама нәтижесіне сәйкес қорытындысы белгілі болады, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нұрғали Ниязқұлов.

Қорқаулардың ауру таратып, қоршаған ортаға зиян тигізгені анықталса, көктем айларында жою жұмыстары басталмақ. Дегенмен бір аңшыға жылына 3 қасқыр, 3 шибөріден артық атуға рұқсат берілмейді. Оның өзінің рұқсатын арнайы порталдан цифрлы қолтаңба арқылы алуы қажет.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Шымкентте абданды сатпақ болған зейнеткер айыппұл арқалады

 

 

 

Новости партнеров