Жаңару күні: Алатау ауданында үш мыңға жуық көшет отырғызылады

19.03.2025 20:21

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында қоғамдық орындарды абаттандыруға, қоқыстарды жинауға бағытталған экологиялық акциялар өтіп жатыр

Бүгін – Жаңару күні. Көктемнің алғашқы күндерінде табиғат түрленіп, тіршілік қайта жанданады. Ел өмірінде жаңа кезең басталады. Дәстүрлі түрде көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жаңару күніне орай Алматыда ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі бүгін Әуезов пен Алатау аудандарында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының көшелері ерекше реңге боялып тұрғандай. Неге десеңіз, шаһарда наурыздың алғашқы күндерінен бастап «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны сәтті жалғасып келеді. Ізгі амал Жаңару күнімен де үйлесіп, көшет егу іс-шарасына ұласты.    

«Наурызнаманың онкүндігіне байланысты 19 наурыз – Жаңару күні. Жаңару күнінде өсеміз, өнеміз, келесі жылға тілек айтамыз. «Мәрмар» жетігеншілер тобымен бірге тал егуге келдік, – деді ҚР мәдениет қайраткері, әнші-жетігенші Назгүл Абибекова.

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының үшінші аптасы аясында қоғамдық орындарды абаттандыруға, көгалдандыруға және қоқыстарды жинауға бағытталған ауқымды экологиялық акциялар өтіп жатыр. Науқан аясында наурыз айының соңына дейін Алатау ауданында үш мыңға жуық көшет отырғызу көзделіп отыр.

«Жаңару, сананың жаңаруын айтамыз ғо, оны жаңғырту керек. Ал материалдық жаңғыру дегеніміз –ағаш егу, жақсы киіну, таза жүру», – деді  этнограф Досымбек Қатран.

Табиғат қайта түлеп, тіршілік жанданатын бұл күннің адамзат үшін де маңызы жоғары. Бұл – алға жаңа мақсат қойып, ерекше жобаларды бастайтын, өмірді жақсылыққа қарай өзгерту жөнінде шешім қабылдайтын уақыт.

 «19 наурызды халқымыз Жаңару күнін ерекше атап өтеді. Қала тұрғындары ағаш отырғызып, қаламыздың жаңаша бояуға енуіне септігін тигізеді. Бұл іс-шараға бәріміз жұмыла атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Наурыз құт-берекесімен келсін!» – деді олимпиада жүлдегері Нариман Құрбанов.

Жаңару күні барша азаматты ортақ мақсатқа жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді. Бұл – экологияның жақсаруына қосқан үлес қана емес, рухани тұрғыда өркендеудің белгісі.

Айжан Дайрабай, Ғани Калуов, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Жаңа маусым: шаһар тарихынан сыр шертетін «Алматинские истории» жобасы көрерменге жол тартты