Телеарнада мемлекеттік тілдегі өнім үлесі 88 пайызға дейін ұлғайды
Almaty.TV жаңа маусымын бастады. Жыл сайын көрерменін тың телевизиялық жобалармен қуантатын арна ұжымы бұл жолы да дәстүрден жаңылмады.
Арайлы Алматының тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, халықпен жасасып келе жатқан арна тарихы тереңде жатыр. Былтыр мерейтойын атап өткен телеарна жыл сайын екі телевизиялық маусым ұсынуды қолға алды. Бірін Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыздың қарсаңында бастағалы отырған ұжым көрерменіне ерекше сый әзірлеп отыр. Олардың қатарында көпшіліктің көңілінен шыққан «Біржан-Сара ізімен» айтысы, «Алматы ән қанатында» музыкалық жобасы бар.
Сондай-ақ арна ұжымы «Жұлдызды караоке» және «Дода» сынды үздік шоу-бағдарламалар ұсынады. Шаһар тарихынан сыр шертетін «Алматинские истории» жобасы да жалғасады.
«Бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан жобалардың бірі – танымдық бағыттағы «Алматинские истории» бағдарламасы. Алматының құрылғанынан бастап, қаланың тарихына тоқталып, қызықты кейіпкерлермен таныстырамыз. Жобаны 22 наурызда көрерменге ұсынамыз. Бұл – әлем бойынша көрерменін жинаған хабарлардың бірі», – деді Аlmaty TV продюсерлік бөлімінің жетекшісі Әйгерім Асқарбай.
Жаңа маусымда халықтың әлеуметтік әлеуетін көрсететін «Обо всем без купюр», 5 жылдан бері таңмен таласа телеарна көрермендеріне көңіл-күй сыйлайтын «Таңғы студио» шоу бағдарламасы көгілдір экраннан көрсетіледі.
Телеарна өткен айдан бастап «Made in Almaty», «Алматы көшелері» «Экономика жаңалығы», «Қала тынысы» айдарларын қолға алды. Сондай-ақ «Шаһар шырайы» тележобасы көрерменге ұсынылды. Одан бөлек, «Тәулік тізбесі», «Күн тақырыбы», «Айтылды-Орындалды» сынды айдарлар жарыққа шықты. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобалары көгілдір экранға жол тартады.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде соңғы 3 жылда көрерменнің телеарнаға деген қызығушылығы айтарлықтай артты. Сондай-ақ сайттың қаралымы 5 есеге, яғни 9 млн пайдаланушыдан 47 миллионға дейін өсті. Коммерциялық кіріс көлемі де 3 есеге көбейген. Ал мемлекеттік тілдегі өнім үлесі 88 пайызға дейін ұлғайды.
«Алматы» телеарнасы көрерменін тың жобалармен, қоғамның тыныс-тіршілігін боямасыз баяндайтын бағдарламалармен, мәдени һәм ойын-сауық жобалармен қуантуға қашан да әзір.
Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Сүт өнімдерін өңдеу: Almaty TV арнасында «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымы