Жасанды интеллект: министрлік өкілі елімізге суперкомпьютер не үшін керек екенін түсіндірді

Парламент мәжілісінде «Жасанды интеллект туралы» арнайы заң жобасы қаралып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан жасанды интеллект технологиясын дамытуды мықтап қолға алды. Бұған қазақ тілді нейрожелі моделінің жасалуы дәлел. Былтыр елімізде алғаш рет KazLLM атты үлкен тілдік модель ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жүйе миллиардтаған сөздік деректермен оқытылып, халықаралық ашық платформаға орналастырылды. Енді кез келген адам оны тегін жүктеп, өз жобасында пайдалана алады.

Жасанды интеллекттің өміріміздің бір бөлігіне айналғанына біраз болды. Қазір ол күнделікті қолданатын смартфон, онлайн қызметтер мен медициналық жүйеде жұмыс істеп тұр. Елде жасанды жады технологиясын дамытуға көптеп көңіл бөлінуде. Алдағы 5 жылда 1 млн адам нейрожелі саласында оқытылмақ. Ал биыл күзде жастарымыз үшін тегін білім беретін TUMO орталығы ашылады деп жоспарланып отыр.

 «Бес жыл ішінде 500 мың оқушыны, 300 мың студентті, 90 мың мемлекеттік қызметшіні, 80 мың бизнес өкілін және басқа салалардан мыңдаған азаматтарды оқыту жоспарланып отыр. Мақсатымыз –тек пайдаланушы ретінде қолдану емес, технология жасап, оны енгізе алатын дайын ұрпақ қалыптастыру», – деді «Astana hub» басқарушы директоры Дания Ахметова

Парламент Мәжілісінде «Жасанды интеллект туралы» арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Құжатта нейрожеліні пайдалану кезіндегі қауіпсіздік, адам құқықтарын сақтау, деректердің қорғалуы басты назарда болмақ. Сондай-ақ жасанды жады жасаған контентті арнайы таңбалау ережелері мен этикалық нормалар да осы заңда қарастырылады.

 «Заң жобасында реттеу мен дамудың арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырыстық. Себебі бұл – тұтастай бір индустрия. Бұл саланың тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін жаңалық. Сондықтан оны шамадан тыс реттеп, тұсаулап тастамауымыз керек», – деді ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов.

Жасанды жадыға арналған модельдер өте үлкен есептеу қуатын қажет етеді. Осы мақсатта еліміз суперкомпьютер сатып алуға дайындалып жатыр. Бұл құрылғы қысқа уақыт ішінде миллиардтаған мәліметті өңдеп, есептерді тез шешуге мүмкіндік береді. Қазір халықаралық лицензия алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейін құрылғы елге жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

«Өте маңызды мәселелердің бірі – бұл суперкомпьютер. Сіздерге осы туралы кішігірім ақпарат бере кетсем. Суперкомпьютер не үшін қажет, оны неліктен алдыртып жатырмыз? Суперкомпьютер – бұл өте қысқа уақыт ішінде үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге үйрете алатын жоғары өнімді есептеу қуаты. Есептеу қуатынсыз жасанды интеллект бойынша модель жасау мүмкін емес», – деді Ғиззат Байтұрсынов.

Елімізде 2024-2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат нейрожүйе технологияларын енгізу мен қолдаудың нақты жол картасы болмақ.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Жасөспірімдер анимация және бағдарламалау негіздерін тегін үйрене алады

Новости партнеров