Жобаға қызығушылық жыл сайын артып келеді
Жастар саясатының басты бағыттарының бірі – кадрлық әлеуетті арттыру. «Президенттік жастар кадрлық резерві» – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап іске асып келе жатқан жоба. Қазіргі уақытта 315 резервтегі жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жобаға қызығушылық жыл сайын артып келеді (2019 жылы – 13 мың адам, 2021 жылы – 22 мың адам, 2023 жылы – 31 мың адам). Үш іріктеудің нәтижесі бойынша 400 адам Резервке қабылданды (2019 жылы – 300 адам, 2021 және 2023 жылдары – 50 адам).
Олар саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусына, сондай-ақ «Б» корпусындағы басшылық қызметтерге тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
2024 жылы алғаш рет барлық өңірде аймақтық кадрлық резервке іріктеу өтті. Оған республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары қатысты. 505 адам екі жыл мерзімге резервке қабылданып, мемлекеттік органдардың келісімімен «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихат сайлауында жастарға арналған арнайы квоталар енгізілді, бұл бастама органдардың жұмысына жаңа серпін берді.
Бұдан бөлек мемлекет гранттар мен сыйақылар арқылы жастарға қолдау көрсетіп келеді. 2024 жылы 90 млн. теңгеге «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 30 жасқа табысталды. Жоба алты бағыт бойынша грант бөлді. Атап айтсақ, ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес, волонтерлік секілді тақырыптар қамтылды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Биыл жастарға арналған арнайы гранттық жобалар 6 бағыт бойынша (лудомания мен нашақорлықтың алдын алу, жастардың қаржылық және құқықтық сауатын арттыру және т.б.) бөлінеді. Жобаның жалпы сомасы шамамен – 720 млн теңге (2025-2027 ж. ж. кезең үшін).
Стартаптар мен инновациялық бастамаларды қолдау жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың өсуінк ықпал етеді.
Кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жастардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттырады.
Жалпы, көпвекторлы жастар саясаты жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, олардың азаматтық жауапкершілік деңгейінің артуына ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Былтыр 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды