Жасың құтты болсын: Алматы облысында бүлдіршіндер амал күнін атап өтті

Мерекелік іс-шарада әжелер де өнерін паш етті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

14 наурыз – Амал күні. Айтулы мерекені Алматы облысының Қарасай ауданындағы балабақшалар ерекше атап өтті. Қырғауылды ауылында ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға бөбекжай қызметкерлері, ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көрісу – өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділік, бірлік, татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелейтін, ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін дәстүрлі мереке. Осындай маңызды күнді сәбилердің санасына сіңіріп, ұлықтау үшін Алматы облысының Қарасай ауданындағы балабақшалар ұжымы ерекше дайындалған.

 «14 Наурыз, Көрісу күніне 2-3 аптадан бері 10 балабақша дайындалды. Балабақшамыздағы киіз жабдықтарын алып келдік, – деді «Еркенұр» мемлекеттік бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлсара Тоқтарбаева.

Балабақша ауласында киіз үй тігіліп, іші ұлттық нақышта безендіріліп, төрде текемет пен сырмақ төселді. Ал ортада ұлттық тағамдардан дастархан жайылды. Бүлдіршіндер ән шырқап, би биледі, ал үлкендер бүгінгі Амал күнінің мән-мағынасын түсіндірді.

 «Қарасай ауданының Білім бөліміне қарасты мемлекеттік балабақшалармен бірлесе отырып, Амал күнін мерекелеп жатырмыз. Бүгін ата-аналар, балабақша қызметкерлері және бүлдіршіндер өнер көрсетіп, ұлттық ойын ойнап, ән айттық, – деді «Ақкөгершін» мемлекеттік балабақшасының меңгерушісі Айгүл Садырова.

Мерекелік іс-шарада әжелер де өнерін паш етті. Олар қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін көрсетіп, күй орындады, бүлдіршіндерге батасын берді.

 «Мерекелік  іс-шараға балабақша жанынан құралған «Айгөлек» фольклорлық  және әжелер ансамблін алып келдік, – деді «Айгөлек» мемлекеттік балабақшасының меңгерушісі Айгүл Нұржігітова.

Мерекелік іс-шараға қатысқан бала да, ана да бүгін дән риза. Бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп тілек тіледі.

Гүлмарал Изатқызы, Бейбарыс Аңсаған, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: 

 

 

Новости партнеров